Саран қаласында бірінші рет «Happy dog» фестивалі өтті. «Happy dog» сөзін ағылшын тілінен аударғанда «Бақытты ит» деген мағынаны білдіреді. Өз атауында тұрғандай бұл фестиваль өзге шаралардан мейірімділігі мен қамқорлығымен ерек. Себебі онда кез келген қала тұрғыны өзіне сенімді серік, адал дос таба алды.
Қалалық «Сұңқар» стадионында мұндай форматта алғаш рет адамның төрт аяқты достарына арналған ауқымды шара ұйымдастырылды. Үй жануарлары, әсіресе иттер, иелерінің физикалық белсенділігін арттырады. Олармен серуендеудің өзі адам денсаулығының жақсаруына зор септігін тигізеді. Бұл фестивальде ит ұстаушылар сүйікті жануарларының өнерлерін ел назарына паш етті. Ол үшін үлкені мен кішісін қызықтыра білетін байқаулар өткізілді. Ең алдымен «Дефиле» бөлігінде қатысушылар үй жануарларын таныстырып, олармен бірге қызыл кілемнің үстінен жүріп өткен. «Викторина» бөлігінде жануарларға қатысты қойылған сұрақтардан жаңылмауға тиіс болған. Командалық ойындардың орны тіпті бөлек. Себебі бұл жерде әр иттің қабілеті мен өнері бағаланған. Бәрінен Босc есімді ит көптің назарын өзіне қаратты.
- Менің итімнің есімі - Босc. Қазір бір жаста. Джек-рассел тұқымынан болады. Осы ит түрі бойынша әпкем екеуміз панажай ашуды жоспарлап жүрміз. Бұл итті Ресейден алып келдік, - деді Саран қаласының тұрғыны Дарья Ямгирова.
Фестивальге келген тұрғындар «Лучший друг» иесіз жануарларға арналған панажайы әкелген үй жануарларын тамашалай алды. Кейбірі, тіпті, сол күні өздеріне сенімді серік тапты.
- Бүгін бізде қуанышты күн. Біздің панажайдан 1 күшік және 3 мысық өздеріне жаңа үй тапты, - деп атап өтті «Лучший друг» иесіз жануарларға арналған панажайдың иесі Елена Иванова.
«Ит – жеті қазынаның бірі» деп бекер айтылмаса керек. Фестивальде иттердің түр-түрін кездестірдік. Луна есімді сегіз айлық стаффорд күшігінен бастап, қолға үйретілген хаскиге дейін өнер көрсетті.
- Біздің итіміздің аты - Харли. Бигль тұқымынан болады. Өте икемді иттердің бірі. Балалардың жақын досы. Өздеріне өте ұнайды. Біз қызымызға бұл итті сонау Шымкент қаласынан тапсырыс беріп алдырттық. Біздің ойымызша, балаларға жануарларға деген сүйіспеншілікті ояту керек, - деді Саран қаласының тұрғыны Фаиль Гибаев.
Саран қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ғалия Тохметованың айтуы бойынша, өкінішке орай, қазіргі таңда панасыз қалған үй жануарлар мәселесі өте өзекті. Сол себепті мұндай фестивальдер иесіз қалған төрт аяқтыларға пана табуға көмектесуді көздейді.
Қала тұрғындары үшін ұтылыссыз лоторея да ойнатылды. Әрбір қатысушы одан міндетті түрде олжалы болып, фестивальді еске салатын сыйлыққа ие болды. Сондай-ақ, шарадан түскен қаражат «Лучший друг» иесіз жануарларға арналған панажайына беріледі. Аталған панажайдың иесі Елена Иванова фестивальдің өтуіне атсалысқан қалалық әкімдікке, Саран қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөліміне, қолдау көрсеткен демеушілерге, қызықтап келген қала тұрғындарына ризашылығын жеткізіп, алғысын айтты.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА