Бүгін: 10.12.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Саран қаласында Астана күніне орай «Мерейлі отбасы» ұлттық байқаудың жеңімпазы мен жүлдегерлері анықталды.

Ұлт болашағының ең басты іргетасы мен тұғыры – отбасы. «Отан отбасынан басталады» деген сөздің түп-төркіні де осында. Ұлттың салт-дәстүрін, әдеп-ғұрпын, тұтастай алғанда ұлт болмысын сақтайтын да, оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, келешекке аманаттап тапсыратын орта да – отбасы.  Олай болса отбасы кез келген мемлекеттің, ел болашағының бүгіні мен болашағының кепілі. «Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер», «Ұяда не көрсең,  ұшқанда соны ілерсің», «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» деген  мақал-мәтелдер де соның айғағы.

Елімізде 2013 жылдан бері «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы өткізіліп келеді. Өнегелі құндылықтарды жаңғырту мен некенің жағымды үлгісін таратуға, отбасы мәртебесін жоғарылатуға бағытталған, сондай-ақ, ата-аналардың балаларды тәрбиелеудегі жауапкершілігін арттыру, яғни, бір сөзбен айтқанда  отбасылық және рухани-адамгершілік құндылықтарды насихаттау мақсатында ұлттық байқау содан бері жыл сайын ұйымдастырылып келеді.

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының қалалық кезеңінде Саран қаласындағы айрандай ұйыған отбасыларды жақын тани алдық. Әр жанұя өзінің берік ұстанымдары мен салт-дәстүрлерін қалай қастерлейтімен бөлісіп, өнерлерін ортаға паш етуде. Бұл байқауға еңбек, спорт, шығармашылық, зияткерлік, ғылыми жетістіктері бар, сондай-ақ қоғамдық пайдалы қызметке қатысатын отбасылар жіберіледі.

Биыл да қаламызда отбасы институтын, адамгершілікті, рухани құндылықтарды нығайтып, бала тәрбиесіндегі ата-ананың жауапкершілігін арттыруды насихаттайтын «Мерейлі отбасы»  ұлттық байқауы өз жалғасын тапты.

Осы жолы жеті отбасы бақ сынап көрген. Олардың қатарында жас отбасылардан бастап, береке мен бірлігі жарасқан 20 жылдан артық отау құрған жанұялар да бар. Сондай әулеттердің бірі – Оспановтар жанұясы.  Олжас Оспанов пен Гаухар Мустафинаның шаңырақ көтергендеріне  - 28 жыл болды.

- Отбасы – сыйластық, жарастық орнаған орта. Отбасы - ең жақын жандарың. Ең маңыздысы отбасы ішіндегі қарым-қатынас. Отбасындағы тәрбие ертең ел болашағында үлкен рөл атқарады. Сондықтан да отбасының бақытты болуы аса маңызды. Отбасы құндылығы түсіністік пен сыйластық деп білем. Сонымен қоса,  отбасы мүшелері бір-біріне қол ұшын созуға, қолдауға дайын болуы қажет. Біз шаңырағымызда бір-бірімізді көзқарасымызға қарап түсінеміз. Ұрыс-керіс деген дүние бізге жат. Адам бақытты болуы үшін көп нәрсенің керегі де жоқ. Отбасында сыйластық, түсінушілік болса, ол отбасы бақытты отбасы деп есептеймін, - дейді үйдің отағасы Олжас Оспанов.

  Қатысушы отбасылардың әрқайсысы – дара, бір төбе десек қателеспейміз. Себебі барлығы да байқауға дайындалып, асқан жауапкершілікпен қараған.  Комиссия мүшелері әр отбасы мүшесінің жетістігі мен белсенділігін бағалаған.

Сән-салтанаты келіскен марапаттау рәсімінде үздік деп танылған отбасылар киелі сахнаның төрінен көрінді. «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының қалалық кезеңінде «Өнегелі отбасы» номинациясымен Жетписовтер жанұясы, «Білімді отбасы» номинациясымен Оспановтар жанұсы, «Бақытты отбасы» номинациясымен Даниловтар жанұясы, «Жарасымды отбасы» номинациясымен ең жас отбасы - Манаш жанұясы  марапатталды. Сондай-ақ, Константиновтар отбасы 3-орынға лайық деп танылды.  Көпбалалы отбасы Мұхамедкәрімдер жанұясы  2-орынды иеленді. Бірлігі жарасқан Кенишкалиевтер жанұясы 1-орынмен марапатталды.

Мерейлі отбасы болудың Мадияр Кенишкалиев айтқан маңызды діңгегі – отбасында ұлттық салт-дәстүрді сақтау, әдеп-ғұрыпты ұмытпау. Кенишкалиевтер жанұясы үшін «Мерейлі отбасы» байқауының қалалық кезеңіндегі жеңісі –отбасының ортақ жеңісі.

- Өзіміз Саран қаласында тұрамыз. Үш қызым, бір ұлым бар. Бала тәрбиесіне қатты қараймын. Қаталдаумын десем де болады. «Мерейлі отбасына» бірінші рет қатысып тұрмыз. Өте қуаныштымыз,  - деп өз әсерімен бөлісе кетті  үйдің отағасы Мадияр Кенишкалиев.

Лауреат отбасыларға дипломдар мен қаржылай сертификаттар табыс етілді. Бірінші және екінші орынға ие болған отбасылар «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңінде өнер көрсетпек. Сондай-ақ, марапаттау рәсімінде қала тұрғындары мен қонақтары Қали Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестіктің мерекелік концертін тамашалады.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА

"