Бүгін: 23.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Орыстың атақты физиолог ғалымы, академик Иван Павловтың «Медицина адамды емдесе, ветеринария адамзатты емдейді» деген сөзі бар. Негізі көптеген ауру адам мен жануарларға ортақ болып келетіні, малдан адамға түрлі кеселдер жұғатыны белгілі. Сондықтан да ветеринария саласы адам денсаулығы мен өмірін сақтауда маңызды рөл атқарады.  

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында мал басының амандығы ветеринария саласы мамандарының тиімді жұмысына байланысты екенін атап көрсетті. Мемлекет басшысы: «Ветеринария саласы жетілдіруді қажет етеді. Бұл салада орталық пен өңірлер арасындағы міндеттер мен құзыреттер нақты бөлінуі керек. Мал басының амандығы және өнімділігі жергілікті ветеринарлардың тиімді жұмысына байланысты» деп атап өтті.

Адамзаттың амандығы қоршаған ортаның саулығына, әсіресе жан-жануар әлемінің саулығына тікелей тәуелді.

 2024 жылы 10 шілдеде алғашқы рет аталып өтетін ветеринария қызметкерлері күні қарсаңында Қарағанды облысы Ветеринария басқармасының «Қарағанды қалалық ветеринариялық станциясы» ШЖҚ КМК Саран қаласындағы филиалында атқарылып жатқан қызметтер жайлы атап өткіміз келеді. Аталған мекеменің негізгі міндеттерінің бірі – қала аумағындағы ветеринариялық-санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, халықтың денсаулығын, жануарлар мен адамға ортақ аурулардан қорғау болып табылады. Осы мақсатпен жыл сайын қала көлемінде жұқпалы ауруларға қарсы ветеринариялық алдын ала егу, диагностикалау, бірдейлендіру жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеді.

Осы мекемеде көп жыл басшы лауазымында қызмет атқарған, бүгінгі күні зейнеткер Джармухаметов Болат Темірғалиұлы туралы айтқымыз келеді.

Болат Темірғалиұлы – өңірде белгілі ветеринариялық дәрігер. 1958 жылы Қарағанды облысы Саран қаласы Ақтас кентінде дүниеге келген. 1971 жылы Ақтас кентінің орта мектебін бітіріп, Кеңестер одағының әскері қатарында азаматтық борышын атқарды. 1973 жылы Қарқаралы зооветеринариялық техникумына ветеринар мамандығына оқуға түседі. 1977 жылы аталған техникумды тәмамдап еңбек жолын Тельман ауданы Дубовка совхозында веттехник, бас мал дәрігері қызметтерін атқарады. 2000-2012 жылдар аралығында Саран қалалық аумақтық инспекциясының мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторы қызметін атқарып, 2012 жылдан бастап Қарағанды облысы Ветеринария басқармасының «Қарағанды қалалық ветеринариялық станциясы» ШЖҚ КМК Саран қаласындағы филиалының директоры міндетін атқарушысы, 2015 жылдан мекеме директоры болып тағайындалды. Болат Темірғалиұлы қарамағындағы жас мамандарға осы саланың қыр-сырымен бөлісіп, әрдайым жұмысына асқан жауапкершілікпен қарап, жұмыс барысында тәртіпке жоғары талап қоятын еңбекқор басшы болып табылды. Саран қаласының ветеринария саласына елеулі еңбек сіңіргені үшін көптеген марапаттарға ие болды. 2021 жылы Болат Темірғалиұлы зейнеткерлікке шықты. Ардақты әке, немерелерінің сүйікті атасы.

Құрметті Болат Темірғалиұлы! Сізді «Ветеринариялық қызметкер күні» мерекесімен шын жүректен құтықтаймыз! Зор денсаулық, шаңырағыңызда береке-бірлік, ырыс пен ынтымақтық, бақыт пен береке және ғұмырлы өмір тілейміз!

Мамандық адам үшін өте маңызды. Көптеген адамдар үшін бұл олардың өмірінің үлкен бөлігін алады, олардың қоғамдағы орнын анықтайды және материалдық әл-ауқат пен моральдық қанағаттануды қамтамасыз етеді. Ветеринар мамандығы – беделге, мансаптық өсуге, болашақта жоғары табысқа байланысты емес, өз қалауы бойынша таңдалатын мамандық. Жануарларға деген сүйіспеншілік, оларға тегін көмек көрсетуге құштарлық – бұл мамандықты таңдауда алдыңғы қатарда тұрған ветеринардың басты қасиеті.

ҚР АШМ ВБҚК Саран қалалық аумақтық инспециясы