Бүгін: 23.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Бүгін еліміздің дамуына, Саран қаласының өркендеуіне сүбелі үлесін қосып келе жатқан, сый-құрметке лайық ел азаматы, қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы  Қайырбек Қойшыбайұлы Омаров мерейлі 70 жасқа толды.

Қайырбек Омаров – 1954 жылы шілденің оныншы жұлдызында Қарғанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Еркіндік ауылында дүниеге келген. Оның балалық шағы тікелей Саран қаласымен тығыз байланысты десек қателеспейміз. Себебі 1955 жылы Саран қаласына көшіп келіп, Саран қаласының білікті ұстаздарынан сауатын ашты. Білім жолын қуып академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетін тәмамдаған. Өзінің еңбек жолын да тарих пәнінің ұстазы болып бастаған. Кейін №60 Саран қалалық кәсіптік училищесі директорының оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары, Саран қаласының №23 СПТУ директоры,   «Карагандарезинотехника» бірлестігінде қалыптау техникасы цехы бастығының орынбасары, №7 жалпы орта білім беретін мектептің директоры, Саран қаласы әкімі аппаратының басшысы, қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры, «Саран қаласының мәдениет, жастар саясаты, спорт және туризм бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы, қалалық білім бөлімінің басшысы болып бірнеше жыл қызмет етті. 2007–2019 жылдар аралығында Саран қалалық сайлау комиссиясының мүшесі және 2019 жылдан бастап төрағасы болды.

Қай салада жүрсе де Қайырбек Қойшыбайұлының өзіне тән ұйымдастырушылық және іскерлік қасиеттерінің арқасында жауапты қызметтерді абыройымен атқара білуі – көпке үлгі. Адамгершілігі мен кең пейілділігі бір төбе.  Оның сөзі мен ісі де мығым, әрі айқын. Әрдайым білгенімен бөлісіп үйретуге, көмек қолын созуға дайын. Бірге істеген әріптестері мен ұжымы, дос-жарандары  бойына дарыған осы игі қасиеттерін әрдайым құрмет тұтады.

Бүгінде жетпістің желкенін көтеріп отырған Қайырбек Омаров елдің дамуына, Саран қаласының ілгері қарай қадам басуына аянбай сүбелі үлесін қосып келеді.  Қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы  ретінде бірқатар істің басын қайырып отыр. Оның табысты қызметі мен тағылымды ғұмыры өскелең ұрпақты тәрбиелеу, мемлекет пен қоғамға адал қызмет етуі – абыройлы іс.

-              Саран қаласы – мен үшін ыстық, болашағы жарқын қала. Бұл жерде балалық шағым өтті. Дос таптым, игі жақсы жандармен таныстым. Шаңырақ көтердім. Қызмет жолым да осы қаламен тығыз байланысты. Саран қаласының әрдайым  гүлдене беруін тілеймін. Жастарымыз білімді, мәдениетті көзі ашық, көкірегі ояу болғанын қалаймын. Себебі болашақ – білімді жастардың қолында, - деп атап өтті ел ағасы.

«Отан – отбасынан басталады» демекші, Қайырбек Омаров та өз ортасында сыйлы, айрандай ұйыған отбасының отағасы. Сүйіп қосылған жан жары Роза Болатқызымен бірге  екі қыз бен бір ұлға тәлім-тәрбие беріп, бүгінде балаларынан 3 немере мен 3 жиен сүйіп отыр.

Болмысы бөлек дара тұлғаны біз де мерейлі мерейтойымен құттықтаймыз!  Игі істеріңіздің қашанда оңға басуына, әр қадамыңыздың қарымды болуына, ел - қоғам алдында абыройыңыздың арта беруіне тілектеспіз.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА