Бүгін: 08.09.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Астана күнінде Саран қаласының тұрғындары мен қонақтары «Астана – арман қала» атты мерекелік концертті тамашалады.

6 шілде күні – Астана күні. Биыл еліміздің маңызды оқиғаларын, дәстүр мен жаңашылдықты ұштастыра білген ордаға – 26 жыл. Ел астанасы өзінің көз тартарлық таңғажайып ғимараттарымен, келісті келбетімен ерекше. Еліміздің дамуы мен өркендеуінің жарқын белгісі атанып, бүкіл әлемге танылды. Бұл күн – тек астана тұрғындары үшін ғана емес, жалпы әрбір қазақстандық үшін де айшықты мереке.

 Дәл осы күні Саран қаласының тұрғындары мен қонақтарына қалалық мәдениет үйінің артындағы саябақта мерекелік концерт ұйымдастырылды. Бас қалаға арналған шығармашылық туындылардан бастап, әсем әндер шырқалды.

Қаламыздың өнерпаздары әннен шашу шашып, бойды әдемі әуенімен баурады. Ізгі ниетке толы тілектер де білдірілді.

- Барлықтарыңызды мерекемен құттықтаймын! Бастысы – еліміз тыныш, аспанымыз ашық болсын.  Еліміз өркендей берсін!, - деп тілегін білдіре кетті 28 жыл қала тұрғындарын өнерімен қуантып жүрген «Амадеус» би ансамблінің жетекшісі Наталья Кан.

Сондай-ақ, халық үрмелі аспаптар оркестрі өз өнерін паш етті. Мерекелік кештің соңы көңілді дискотекаға ұласты.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА