5 шілде күні Саран қалалық мәслихатының төрағасы Өміржан Баймағанбетовтің төрағалығымен қалалық мәслихаттың кезектен тыс ХIV сессиясы өтті.
Zoom платформасы арқылы онлайн өткен сессия отырысына Саран қаласы мен Ақтас кенті әкімінің орынбасарлары, қоғамдық кеңестің төрағасы, депутаттар мен мемлекеттік мекемелердің басшылары қатысты.
Күн тәртібінде «Саран қалалық мәслихатының 2023 жылғы 21 желтоқсандағы 9 сессиясының «2024-2026 жылдарға арналған қалалық бюджет туралы» №84 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» және «Саран қалалық мәслихатының 2023 жылғы 21 желтоқсандағы 9 сессиясының «Ақтас кентінің 2024-2026 жылдарға арналған бюджеті туралы» №85 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» мәселелері шығарылып, талқыланды.
Бірінші мәселе бойынша қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Евгения Чиркова 2024-2026 жылдарға арналған қалалық бюджеттің кіріс және шығыс бөлігін нақтылап, егжей-тегжейлі тоқталды. Дайындаған баяндамасында бюджеттік бағдарламаларға назар аударылды.
Келесі көтерілген мәселе бойынша Ақтас кенті әкімінің орынбасары Марғұлан Анаев кент бюджеті бойынша баян етті. Соның ішінде көшелерді жарықтандыру, абаттандыру және көгалдандыру, автомобиль жолдарына күрделі және орташа жөндеу жұмыстарына қатысты бағдарламаларға көңіл бөлінді.
Сессия отырысында қаралған мәселелер дауысқа салынып, бір ауыздан қабылданды.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА