Бүгін: 27.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Саран қаласында «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында қаржылық сауаттылықты арттыруды көздейтін жаппай оқыту курсы өз жалғасын тапты.

9 шілде күні Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжде «Amanat» партиясының бастамасымен қолға алынған «Қарызсыз қоғам» кең ауқымды жобасы аясында оқыту курсы бастау алды. Оқу мерзімі бес күнге жоспарланған. Түскі асқа дейін жалпы бағдарламаның өзі жүргізілсе, түстен кейін қатысушылардың қалауымен жеке практикалық кеңестер беріледі.

Курстың бірінші күні қала тұрғындарымен отбасы бюджетін дұрыс жоспарлаудан бастап, келіп-кетіп жатқан кіріс пен шығыстарды есептеуге, қалыптастыру мен оңтайландыруға дейін талқылау жұмыстары жүргізілген. Ал келесі күні қала тұрғындарына активтер мен міндеттемелер, несиелер мен депозиттерді басқару бойынша мысалдар келтіре отыра ақпарат берілді. Курсты «Қарызсыз қоғам» жобаның сарапшысы және оқытушысы Тимур Рахимжанов өзі түсіндіріп жүргізеді.

-              «Қарызымыз қоғам» жобасы биыл Қазақстанның барлық қалалары мен аудандарында өтуде. Бұл жоба халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған. Саран қаласында бұл біздің төртінші легіміз, - деді «Қарызсыз қоғам» жобаның сарапшысы және оқытушысы Тимур Рахимжанов.

Сондай-ақ, жобада несие мен депазидтердің түрлері, кестелер мен модульдер талқыға салынды. Азаматтарға өзінің қаражатын тиімді жұмсау тәсілдері түсіндірілді. Алдағы күндердің бағдарламасында алаяқтардың арбауына түспеудің жолдары мен  шағын және орта бизнес көзі жайлы тақырыптар қозғалмақ.

-              Бүгін екінші күн қатысып жүрмін. Жалпы, ұнап жүр. Негізі, пайдасы бар деп ойлаймын. Көп нәрсе біліп отырмын, - деп курстан алған әсерімен бөлісе кетті Саран қаласының тұрғыны Темирлан Ибрагим.

Дүйсенбіден бастап аптаның бесінші күніне дейін жалғасатын тегін курсқа он сегізге толған кез келген азамат қатыса алады. «Қарызсыз қоғам» жобаның сарапшысы және оқытушысы Тимур Рахимжановтың айтуы бойынша, курс жұмыстары Саран қаласында шілденің аяғына дейін өткізілмек. Ең соңында барлық тыңдаушыларға тиісті сертификаттар беріледі.

Дина ӘБДІҒАЛЕИВА