Жаз мезгілі – күтпеген жағдаяттарға толы уақыт. Күн ысығанда табиғатта және бөлмеде өрттің пайда болу ықтималдығы артады. Қарайпайым абайсыздық ауыр зардаптарға, мыңдаған гектар алып жатқан орман өрттеріне алып келуі мүмкін. Сол себепті адам мен қоршаған ортаға қауіп төндіретін тілсіз жаудан сақтану үшін Саран қаласының төтенше жағдайлар бөлімі әрдайым қала тұрғындарына сақтық шараларын сақтауға шақырады.
8 шілде күні Саран қаласы мен Ақтас кенті аумағында «Орман» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы бастау алды. Оның шеңберінде қалалық төтенше жағдайлар бөлімі полиция бөлімінің қызметкерлері және еріктілермен бірге рейд жұмыстарын ұйымдастырды. Рейд барысында саяжай қоғамдастықтары, жеке тұрғын үй секторлары қамтылды.
Саран қаласы төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы, азаматтық қорғау подполковнигі Лаура Алпысбаеваның айтуы бойынша, мұндай іс-шаралар төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлерімен дәстүрлі түрде өтіп тұрады.
- Саран қаласының ТЖБ қала тұрғындарына орманда болған кезде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға шақырады. Табиғи өрттердің пайда болуының негізгі себептері - халықтың отты абайламай қолдануы және найзағай разрядтары. Орман және дала алқаптарында жанып жатқан сіріңке мен темекі тұқылын тастауға тыйым салынады. От жағу, қоқыс пен құрғақ шөпті жағу, шыны заттарды (бөтелкелерді), май жағылған немесе жанғыш заттар сіңірілген материалдарды қалдыру аса қауіпті, - деді Лаура Алпысбаева.
Сондай-ақ, төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері тұрғындарға буклеттер таратып, өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға шақырды. «Орман» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы 14 шілдеге дейін жалғасатын болады.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА