Бүгін: 23.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Ұстаздық етуді бала кезінен арман еткен, білім саласымен өмірін ұштастырған Аққу Құсайынқызы Муфталованың Саран қаласында тұрып жатқанына биыл – 25 жыл болса, Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжде жұмыс істеп жүргеніне 20 жылдан асты. Осы уақыт аралығында жоғары санатты оқытушының білім саласына қосқан еңбені ұшан-теңіз.

Қарапайым болмысын сақтап, өз ортасында сый-құрметке ие жан бүгінде Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінде директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің оқытушысы ретінде бірнеше істің басын қайырып отыр. «Ұстаздан шәкірт озар» демекші, шәкірт студенттері де республикалық деңгейдегі байқаулардан құрқол келмей, жүлделі орындарға ие болуда. Оның артында ұйқысыз түндер, қажырлы еңбек пен ізденіс іздері жатыр.

Аққу Құсайынқызының еңбектері де республикалық, облыстық, қалалық дәрежелерде бағаланып, еленіп жүр. 2022 жылы «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері»  төсбелгісімен, Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрлігінің алғыс хатымен, Қарағанды облысы білім беруді дамытудың облыстық оқу-әдістемелік орталығының құрмет грамоталарымен және басқа да ауыз толтырып айтарлықтай көптеген марапаттары баршылық.

Қарағанды облысының білім беруді дамыту оқыту – әдістемелік орталығының басшылығымен жыл сайын колледжде ұйымдастырылатын республикалық және халықаралық «Білім беру саласындағы әлеуметтік-педагогикалық инновациялар жәрмеңкесі», «Бастауыш сыныптарда оқыту» және «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту»  біліктілігі бойынша «WorldSkills Karaganda» жұмысшы мамандықтарының чемпионаты Аққу Құсайынқызының тікелей жетекшілігімен өтеді. Оның есімі «Қарағанды облысының білім саласындағы 100 жаңа есім» кітабына, Саран қаласы әкімдігінің «Табыстың 100 тарихы» жинағына енді.  Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің оқытушысы ретінде де бұл салаға сүбелі үлесін қосып келеді. 2009 жылы «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің ең үздік мұғалімі»  Қарағанды облысы әкімінің білім саласы сыйлығының премиясының иегері, 2019 жылы «Қазақ тілін оқыту әдістемесі» әдістемелік құралын, 2021 жылы «Модуль бойынша қазіргі қазақ тілі пәнінен  дәрістер жинағын» шығарды. Осындай жан-жақты, ізденуден жалықпайтын, өз саласын сүйетін, жұмысын жан тәнімен беріліп істейтін, мамандық таңдаудан қателеспеген жанды жақынырақ тану мақсатында аз-кем сұхбаттасқан болатынбыз.

Аққу Құсайынқызы, Сізді жауапкершілігі жоғары білікті маман ретінде жақсы танимыз.  Ал қазір балалық шағыңызға оралып көрсек, қарсы емессіз бе? Қай жердің тумасы боласыз?

-              Жоқ, әрине, қарсы емеспін. Өзім Қарқаралы ауданынан боламын. Сол  жердегі Бақты ауылында дүниге келдім. 1999 жылы он бір жылдық мектепті бітірген соң, осы Саран қаласына 17 жасымда келгенмін.  Менің  бала күнгі арманым –  ұстаз болу. Білім саласына өз үлесімді қосқым келетін. Қазір де осы бағытта тынымсыз жұмыс істеп келеміз. Осы арманымды қуып Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжге оқуға түстім. Осылай Саран қаласында қалып қойған жайымыз бар.  (Езу тартып, әрі қарай сөзін жалғастырды). Осы колледжде 2004 жылдың қыркүйек айынан бастап қазақ тілі және әдебиеті оқытушысы болып қызметке алындым. 2012 - 2021 жылдар аралығында «Дене тәрбиесі және спорт» бөлімінің меңгерушісі болдым.  2021 жылдан бастап директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарып келемін. Дәл сол жылдан бастап «Педагогика және психология пәндері» оқытушыларының облыстық бірлестігінің жетекшісімін.

Есіміңіз қазір көп кездесе бермейтін, өте ерекше, әдемі екен. Есіміңізді кім қойды? 

-              Рақмет, иә, қазір жиі ести бермейміз. Мен дүниеге келгенде ақ көйлекпен туған екенмін. Мені туғызған акушер-дәрігер өзі таң қалған. Анама: «40 жыл бала туғызып еңбек еткенде мынадай ақ  көйлекпен  бала өмірімде бірінші рет кездесті»,- деп  айтқан көрінеді. Сонда анам оны әжеме айтты. Сол себепті әжем есімімді «Аққу» деп  қойды. (Езу тарта жауап берді)

Саран қаласына жап-жас бойжеткен болып келіпсіз. Саран қаласы Сізге несімен ыстық?

-              Менің балалық шағым, студенттік шағым, қызметтік кезеңдерімнің бәрі осы - Саран қаласында өткен. Ұстаздық еңбегімді бастаған жылдары Саран қаласының ең алғаш «Жастар» сыйлығының иегері де атанғам. Саран –  өте таза, халқы тыныш, өркениетке бай, өнеркәсібі дамыған, жастары тәрбиелі, өнерлі, әдемі қала. Саран қаласының өркендеуіне еңбегімді қоссам тек нұр үстіне нұр.

Бала тәрбиесіне қаншалықты көңіл бөлесіз?

-              2005 жылы тұрмысқа шықтым. 2006 жылы тұла бойым тұңғышым  Диана қызым дүниеге келді. Бүгінгі таңда Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледждің студенті. 2010 жылы  екінші қызым Нұрдина дүниеге келді. Ол Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің оқушысы. Әрине, балаларымның тәрбиесіне қатты көңіл бөлемін. Ана ретінде олар үшін уайымдап, жетістіктеріне бірге қуанып отырамын. Шүкір, қос қызымның сабағы жақсы. «Үздік» деген бағамен оқиды.

Сіз үшін өмірдің мәні неде?

-              Мен үшін өмірдің мәні -  дүниеге ұрпақ әкеліп, сол ұрпағыңды тәрбиелеп өсіріп үлкен қоғамға пайдасы бар, елін, жерін сүйетін құрметтейтін азамат етіп тәрбиелеу. Халқыңның, еліңнің алдында адал қызмет атқару.

Бүгінде алға қойған мақсат-армандарыңыз қандай?

-              Ана ретінде арманым - Алланың берген осы екі баламды аман-есен жеткізіп, өсіріп, бір еліне елеулі, халқына қалаулы азамат етіп шығарсам.  Маман ретінде  мақсат-арманым - елін, жерін құрметтейтін,  қоғамның өркендеуіне үлес қоса алатын, білімді де білікті, саналы да сапалы тәрбиелі, әлемдік бәсекеге қабілетті  креативті маман дайындап шығару.        

 Аққу Құсайынқызы, уақытыңызды бөліп, сұрақтарымызға мүдірмей жауап бергеніңізге көп рақмет. Жұмысыңызға табыс, жанұяңызға бақ-береке тілейміз.

Сұхбаттасқан: Дина ӘБДІҒАЛИЕВА