22 шілде күні Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» мәдени ағартушылық жобасы аясында академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің тарих факультетінің профессор ассистенті, тарих ғылымдарының кандидаты, этно-мәдени және тарихи-антропологиялық зерттеулер орталығының аға ғылыми қызметкері Мәулен Жакин мен «Дакия» румын мәдени қоғамы» қоғамдық бірлестігінің жастар қанатының жетекшісі, «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық ұйымы жетекшісінің орынбасары Александр Урмашов Саран жастарымен кездесті.
Қазақстан халқы Ассамблеясы Қазақстанның көпэтностық бай кеңістігіне сенім, келісім мен өзара түсіністік үлгісін орнатуға елеулі үлесін қосуда. Ұлттар арасындағы ауызбіршілікті, бірлік пен татулықты, адамдардың бір-біріне деген сыйластығы мен мейірімділігі көздің қарашығындай сақталынып келеді. Бүгінде халықтың мәдениетін, тарихын, философиясын, этикасын дәріптейтін «Қазақтану» жобасы шеңберінде Қарағанды облысының әр өңірінде іс-шаралар ұйымдастырылуда. Елімізде ұйысқан татулық пен тұрақтылықтың арқасында көптеген жетістіктерге қол жеткізілуде. Тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырысы мол болмақ. Оның барлығы тарихпен сабақтасып жатыр.
Осы орайда Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің тарих факультетінің профессор ассистенті Мәулен Жакин Қазақстан бойынша, оның ішінде Шет ауданында жүргізген зерттеулерімен, «Шет ауданының көне заманнан осы күнге дейінгі тарихы» кітабына, «Шет өңірінің тарихи-мәдени ескерткіштері» фото-шежіресіне, «Керней ел мен атамекен тарихы» 1824-1920 жылдардағы мұрағат құжаттарының жинағымен таныстырды. Одан бөлек, Шет ауданының топонимикасына, географиялық, тарихи, этнографиялық негіздеріне сүйенген зерттеулеріне шолу жасады. Тарих ғылымдарының кандидатының айтуы бойынша, әр азамат өзінің шыққан тегін, кіндік қаны тамған туған жерін білуі тиіс.
- Халық даналығында: «Дүниені танығын келсе, өзіңді-өзің таны» дейді. Ал оның ішінде әр қазақ өзінің жеті атасын білу керек дейді. Ал «жеті атасын біл» деген сөздің аясында бірінші тарих, тарихтың ішінде заң, ал заң әр жанұяда салт-дәстүр арқылы іске асады. Тарих, заң, салт-дәстүрді кез-келген азаматтық қоғамның азаматы білуі керек, - дейді Мәулен Жакин.
Кездесуде келесі болып сөз алған «Дакия» румын мәдени қоғамы» қоғамдық бірлестігінің жастар қанатының жетекшісі, «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық ұйымы жетекшісінің орынбасары Александр Урмашов Қазақстан халқы Ассемблеясы жайлы жалпы мағлұматтар келтіре отырып, жастарды жұмыспен қамтуға атсалысатын, түрлі жобалар мен тың ойларды қолға алатын «Ассамблея жастарының» жұмысына тоқталды. Әрі алдағы уақытта «Сарыарқа жастары» атты лагері өз жұмысын бастайтынын айтып, оған Саран жастарын шақырды.
- Негізгі міндет – халықты қазақ халқының тарихымен, мәдени құндылықтарымен, тілдік ортасымен таныстыру. Ассамблея облысымыздағы, жалпы Қазақстандағы киелі жерлерді аралау сияқты көптеген ауқымды жобаларды жүзеге асыруда. Бұл, әрине, түрлі ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді меңгеруі. Бұл қазақтың ұлты мен салт-дәстүрін дәріптейтін жаңа жобалардың ашылуы. Яғни, біз осы бағытта белсенді жұмыс істеп жатырмыз, - деді Александр Николаевич.
Сондай-ақ, шарада жастарға пайдалы ақпарат пен тарихи деректер, ру-тайпа шежірелері жайлы құнды мағлұмат берілді.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА