Бүгін: 23.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Саран қаласындағы Чкалова 61 мекенжайы бойынша орналасқан «Планета» киім-кешектер мен аяқ киімдер сататын дүкенінің қоймасында өрт шығып, екі адам түтіннен тұншығып ішінде қамалып қалды. Саран қаласының төтенше жағдайлар бөлімінің «Қауіпсіз сауда» республикалық акциясы шеңберінде жүргізілген кезекті  оқу-жаттығу жұмыстары дәл осылай өрбіді.

Қазақстан бойынша 22 шілдеден бастап  28 шілде аралығында «Қауіпсіз сауда» республикалық акциясы өтті. Акция аясында Саран қаласының төтенше жағдайлар бөлімі сауда нысандарында профилактикалық іс-шараларды ұйымдастырды. 25 шілде күні қалалық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері «Планета» киім-кешектер мен аяқ киімдер дүкеніне кіріп, өрт қауіпсіздігі ережелерімен таныстырды. Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Сергей Анищенко дүкен иесімен бірге ғимараттың ішін аралап, өрт сөндіргіш құралдарын тексеріп, қауіпсіздік шаралардың қалай сақталғанын өз көзімен көріп шықты. Әрі дүкен иесіне ықтимал төтенше жағдайлардан, айтып келмейтін тілсіз жаудан қалай қорғану керектігі туралы бірқатар кеңес берді.

- Қазіргі таңда біз «Қауіпсіз сауда» акциясын өткізіп жатырмыз, оның аясында сауда үйлері, сауда орталықтары мен базарлардың иелерімен бірлесіп, өрт қауіпсіздігінің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында нысандарды өртке қарсы техникалық тексеруден өткізудеміз. Содан кейін біз өрт-тактикалық оқу-жаттығуды өткіземіз. Өрт кезіндегі объект персоналының іс-әрекетін, сондай-ақ өртті сөндіру кезіндегі өртке қарсы қызмет бөлімшесінің іс-әрекетін пысықтаймыз, - деді Сергей Анищенко.

Өрт-тактикалық оқу-жаттығу кезінде «101» жедел желі нөміріне «Планета» киім-кешектер мен аяқ киімдер дүкенінің иесінен дабыл түсісімен сол күні кезекшілікке түскен өрт қызметкерлері сауда нысанына 3 минут ішінде жетіп, жедел тілсіз жауды ауыздықтауға жұмыла кірісе кетті. Оқиға орнына өрт сөндіру қызметі жеткенге дейін жауапты мамандар дүкеннің ішіндегі адамдарды қауіпсіз аймаққа шығаруы тиіс. 

Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Сергей Анищенконың айтуы бойынша, мұндай жаттығулардың мақсаты – халықты өрт қауіпсіздігі шараларымен таныстыру және өрттен сақтану жолдарын үйрету. Сонымен қатар, «Қауіпсіз сауда» акциясы аясында сауда ойын-сауық орталықтарының, сауда үйлері мен базарлардың иелеріне және жалға алушыларға  өрт қауіпсіздігі талаптарын  сақтау бойынша ұсынымдар берілді.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА