Бүгін: 23.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Саран қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі мен «Күш» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің мұрындық болуымен Саран  қаласының 70 жылдығына орай ерекше қажеттіліктері бар адамдар арасындағы қалалық турнир өтті.

27 шілде күні қалалық мәдениет үйінде ұйымдастырылған турнирге Қарағанды, Саран, Шахтинск қалаларынан және Абай ауданынан 50-ге жуық спортшы қатысқан.

- Бүгінгі біздің турнирдің мақсаты – ерекше қажеттіліктері бар адамдар арасында дене шынықтыру мен спортты насихаттау, - деді Саран қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ғалия Тохметова.

Сол күні қатысушылар асқан жауапкершілікпен турнирдің төрт спорт түріне сақадай сай дайындалып келген. Бірі шахмат, дойбы мен тоғызқұмалаққа қатысса, енді бірі үстел теннисінен бақталасқан.

- «Күш» мүгедектер қоғамдық бірлестігі биыл ғана ашылды. Оның негізгі мақсаты – мүгедектердің басқа азаматтармен тең дәрежеде қоғам өмірінің барлық салаларына қатысу мүмкіндіктеріне қол жеткізуі. Қолымыздан келгенше әлеуметтік жағдайын жақсартуға көмектесеміз. Бүгінгі турнирде барлықтарыңызға сәттілік тілеймін. Жарыс қызықты, тартымды болады деп ойлаймын, - деді  «Күш» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Айболат Тоимбек.

Спорттық шараға шақырту алған Абай ауданының спортшылары да ойланбастан бақтарын сынап көруге бел буған.

- Абай ауданында  спорттың төрт түрінен: жүзу, тоғызқұмалақ, дойбы және үстел теннисінен жаттықтырушы болып мүгедек адамдармен жұмыс жасаймын. Істеп жатқаныма алты жыл болды. Турнирлерге жиі шығып тұрамыз. Саран қаласынына жеті адам алып келдім, - деді  Абай ауданынан келген жаттықтырушы Ермек Касенов.

Бір күнге созылған жарыстың нәтижесі бойынша ерлер арасында үстел теннисінен 1-орынды Валеев Демьян, 2-орынды Воронов Вячислав, 3-орынды Абдирбаев Дюсенбы, қыздар арасында 1-орынды Байгурина Елизавета, 2-орынды Калужская Елена, 3-орынды Бакель Айнур алды. Тоғызқұмалақ ойынында Ахметов Тойбек 1-орынға, Кукушкин Виталий 2-орынға, Бакиров Берик 3-орынға жайғасты. Дойбы бойынша Н. Абишев 1-орынға, Грабивской Роман 2-орынға, Султан Мурат 3-орынға ие болды. Шахмат ойынында 1-орын Маули Аскерханға, 2-орынға Аханов Абайға, 3-орын Аманбаев Алмасқа бұйырды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер грамоталармен, медальдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА