Бүгін: 23.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінде білікті оқытушылар жұмыс істейді. Олардың әрбірі өз жұмысына өте тиянақты. Әрдайым ізденіс үстінде, шығармашылықтарын шыңдап тұрады. Себебі, әр ұстаздың сабақ беру әдісі, студенттермен тілдесуі, білім нәрімен сусындатуы бөлек.  Жиырма жылдық тәжірибесі бар Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледж директорының оқу-өндірістік жұмыс жөніндегі орынбасары Ернар Дулатұлы Махаметчин үшін жастарға сапалы білім беру маңызды.  Өзі осы қара шаңырақтың түлегі болғандықтан, оған оның әрбір бұрышы ыстық.

Ол Теміртау қаласының тумасы болғанымен, балдәурен балалық шағы Бұхар жырау ауданындағы Жаңаталап ауылында өткен.  Кейін оқу-білім қуып Саран қаласына келген. Бүгінде Ернар Дулатұлы ширек ғасырға жуық тәжірибенің жемісін көріп келеді.  Білім беру жүйесін дамытуға және білім беру саласын арттыруға қосқан үлесі үшін Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен, Қарағанды әкімінің алғыс хатымен марапатталған, «Қарағанды облысы білім саласындағы 100 жаңа есім» және «Саран қаласының 100 жаңа есім» кітабына енген. Осы орайда таяуда Ернар Дулатұлына хабарласып,  сұхбаттасуымыздың сәті түскен болатын.

Ернар Дулатұлы, Саран қаласына аяқ басқан кезде қандай сезімде болдыңыз? Жас студентті  70 жылдық тарихы бар қала қалай қарсы алды?

-              Әлбетте, жаңа жерге аяқ басқанда ерекше толқу, сезім бойды баурайды. Басты мақсат – оқуға түсу еді. Сол кезде Саран қаласы құшағын кең жая қарсы алды. Саран қаласы мол мүмкіндік сыйлады. Мектепті аяқтағаннан кейін Саран қаласындағы Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжге оқуға түстім. Кейін оқуымды академик Е.А.Бөкетов атындағы ҚарУ-дің филология факультетінде жалғастырдым.

Еңбек қызметіңізді қалай бастадыңыз?

-              2004 жылы қазіргі Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжді аяқтағаннан кейін сол колледжде жұмысқа қалдым. Студенттерге қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ бердім. Студенттерге қосымша музыка үйірмесінен, эстрадалық ән, домбыра үйірмесіне жетекшілік еттім. Осымен жиырма жыл болды табан аудармай бір жерде жұмыс істеп келе жатырмын. Алдымен оқытушы, топ жетекшілер бірлестігінің жетекшісі, директордың ақпараттық технологиялар жөніндегі орынбасары, қазір директордың оқу-өндірістік жұмыс жөніндегі орынбасары қызметін атқарудамын.

Естуімізше, жан жарыңызбен де осы білім ордасында таныстыңыз.

-              Иә, колледжде оқып жүрген кезде болашақ жарыммен таныстым. Жұбайым –  Денеева Айгерім Рымқұлқызымен, қазіргі кезде колледжде қазақ тілі мен әдебиетінен және мектепке дейінгі педагогика пәндерінен дәріс береді, үш ұл тәрбиелеп жатырмыз. Үлкен ұлдарымыз Сырым мен Санжар «Мұрагер» мамандандырылған мектеп-лицейінде оқиды. Екеуі де музыка мектебінде білім алып жүр. Домбыра ансамблінің белсенді қатысушылары. Күйден халықаралық, республикалық конкурстардың жеңімпаздары. Сондай-ақ «Тоғызқұмалақ» ойынымен қызығады. Кіші ұлымыз Ерхан биыл мектепке барады.

Сізді өнерге жақын жүретін жандардың бірі ретінде жақсы танимыз. Соған қарағанда балаларыңызға дара қасиетіңіз дарыған секілді ғой.

-              Домбыраға бал күннен қызықтым. Үйде ағам домбыра ойнады.  Қазір кәсіби музыкант. Музыка өнерін меңгеруіме ағам ықпал етті. Арнайы өнер мектебінде оқыдым. Колледжде оқып жүргенде «Көркемөнерпаздар үйірмесінің жетекшісі» қосымша мамандығын оқыдым. Музыка өнерін кәсіби деңгейде меңгердім. Домбырадан бөлек басқа да аспаптарды меңгердім. Саран қаласында ұлттық фольклорлық ансамбльде, орыс халық оркестрінде, үрмелі аспаптар оркестрінде ойнадым.

Отбасыңызда ұстанатын дәстүр бар ма?

-              Отбасымызда бірнеше дәстүр қалыптасқан. Соның бірі – жыл сайын еліміздің бір өлкесін аралап, ондағы тарихи-мәдени орындармен танысу. Сонымен қатар, күнде кешке көркем немесе ғылыми-танымдық кітап оқып, отбасыммен отырып ондағы алған әсермен бөлісу.

Қандай керемет! Шерхан Мұртазаның: «Мәдениеттің мәйегі – кітап» деген сөздері есіме түсіп отыр. Осы орайда жастарға қандай шығармаларды оқуға кеңес берер едіңіз?

-              Бізден кеңес беретін 5 үздік шығарма: Мұхар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы,  Бердібек Соқпақбаевтың: «Балалық шаққа саяхат» повесі, Джоан Кэтлин Роулингтің «Гарри Поттер» романы, Оралхан Бөкейдің «Қар қызы» повесі, Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» романы.  Осы бестікті кез-келген азаматқа оқуға кеңес берер едім.

Негізі жастарға жиі айтатын нақыл сөзіңіз бар  ма?

-              Әрине. Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың «Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап» деген өлең жолдарынан алынған «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, ақылың мен білімің екі жақтап»  деген жолдарын жаныма жақын ұстаймын.   Студенттеріме осы өлең жолдарын жиі айтып отырамын. «Өздерінің біліміне, күш-жігеріне, талабына сеніп отырыңдар, еңбек пен білім бәрін жеңіп шығады»- деп.

Толықтай келісеміз. Сіздің ойыңызша өмірдің мәні неде?

-              Өмірдің мәні – салиқалы ұрпақ тәрбиелеу. Өз қызметіме, айналадағыларға адал болу деп ойлаймын.

Биыл Саран қаласына -  70 жыл. Сән салтанаты жарасқан қалаға не тілер едіңіз?

-              Саран қаласы маған ерекше ыстық. Себебі бұл қалада оқу оқыдым, өмірге жолдама алдым, өмірлік жарымды кездестірдім. Өзіме ұнайтын жұмыс орнын таптым. Осында балаларым дүниеге келді. Саран қаласына болашағы жарқын болуын, өндірістік орындары дамыған, мәдениеті жоғары, инфраструктурасы, қолайлы, жастардың арман қаласына айналуын тілеймін. Қаламыз гүлдене берсін, көркейе берсін!

Ернар Дулатұлы, уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңізге көп рақмет.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА