«Одан асқан бұрын-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ».
Ахмет Байтұрсынұлы
1.Абайдың шын есімі – Ибраһим. «Абай» деп әжесі еркелеткен. Анасының есімі – Ұлжан. Ұлжан Құнанбайдың екінші әйелі;
- Абай: «Атадан алтау, анадан төртеу едім». Құнанбай қажының 4 әйелі болған. Бәйбішесі Күңкеден – Кұдайберді. Ұлжаннан – Тәңірберді (Тәкежан), Ибраһим, Ысқақ, Оспан. Үшінші әйелі Айғыздан – Халиулла, Ысмағұл туады. Төртіншісі – Нұрғаным. Одан ұрпақ жоқ;
- Хәкімнің ақын, жазушылықтан бөлек, композиторлық қабілеті де болған. Ол бірқатар өлеңіне әнді өзі жазған. Соның бірегейі – «Көзімнің қарасы»;
- Ақындық жолына 10 жасында түсе бастайды. Ең алғашқы өлеңдерін Көкбайдың атынан жариялаған;
- Жазба қазақ әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы ұлы Абай қазақ, араб, парсы, орыс тілдерін білген. Иран, шағатай (ескі өзбек) тілдерінде жазылған дастан-қиссаларды, ертегілерді оқыған;
- Ел басқару ісіне 13 жасында араласқан;
- Абайдың алғашқы махаббаты – Тоғжан;
- Бірінші жары - Ділдәға 1860 жылы 15 жасында, екінші әйелі - Әйгерімге 30 жасында үйленген. Әмеңгерлік жолмен алған әйелінің есімі – Еркежан. Ол Абайдың інісі – Оспанның қалыңдығы;
- Ұлы ағартушының 10 баласы болған. Ол небәрі 16 жасында әке атанып, 36 жасында алғашқы немересін қолына алады. Оның аты – Әубәкір;
- Саяси қайраткер 21 жасында болыс болып сайланады;
- Ақынның саяси көзқарасының қалыптасуына ықпал еткен орыс зиялы қауым өкілдері: Е. Михаэлис, А. Леонтьев, С. Гросс, А. Блек, П. Лобановский, Н. Коншин, Н. Долгополов және т.б.;
- Ақын өмірінде 176 өлең, «Ескендір», «Масғұт» және «Әзім әңгімесі» поэмалары мен 45 қара сөз жазып қалдырған. Сондай-ақ ол шебер аудармашы да болған. М. Лермонтовтың өлеңдерін, А.С. Пушкиннің дастандарын және И.А. Крыловтың мысалдарын қазақ тіліне аударған.
- Жазушының ғақлиялары (қара сөздері) әлемнің көптеген тілдеріне аударылған. Атап айтсақ, қытай, француз, орыс және т.б. Ал өлеңдері грузин, қарақалпақ, қырғыз, татар, француз, ағылшын, түркмен, ұйғыр тілдеріне аударылған;
- Ұлы данышпан туралы көптеген мақала, кітаптар жазылып, фильмдер түсірілді;
- Абай мұрасын алғаш зерттеп бастаған ағартушы ғалымдар мен қайраткерлер: Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынұлы, М. Дулатұлы, М. Әуезов, С. Мұқанов, І. Жансүгіров және т.б.
ruh.kz