Құндылықтар жер бетіндегі әр ұлт пен халықтың бірегейлігін тану мен сақтауда, оның қадір-қасиетін арттыруда баға жетпес рөл атқарады. Бұл - өткенді бүгінмен байланыстыратын және болашаққа батыл қадам жасауға мүмкіндік беретін маңызды фактор. Сонымен қатар, ұлтына, дініне, діліне қарамастан елді біртұтас күш ретінде біріктірудің құралы, болашаққа айқын көзқарастың негізі. Ал терең және айқын ойлау жоспарлау көкжиегін кеңейтетіні анық. Ертеңгі күннің анықтығы әрқашан тыныштық пен сенімділік береді.
Әлемде құндылықсыз ұлт жоқ. Біздің де өз құндылықтарымыз бар. Олар тарихымызбен, өмір салтымызбен, руханиятымызбен және мәдениетімізбен тығыз байланысты. Қоғамдағы бейбітшілік, тұрақтылық, даму және өркендеу құндылықтарға тікелей қатысты. Бүгінгі таңда қоғамға қызмет етуге тиісті және жан-жақты талқыланатын әрі расталатын құндылықтар ауа мен су сияқты қажет. Біздің халқымыздың мыңдаған жылдар бойы қалыптасып, еліміздің бай тарихымен, өмір салтымен, рухани мұрасымен, өмірлік көзқарастары және сенімдерімен біте қайнасқан маңызды құндылықтары ретінде елге, жерге, ата-ана мен үлкенге, тілге, ділге құрмет, келісім, толеранттық, өзара түсіністік, теңқұқылық, сөз бостандығы, әділдік пен адалдық, қайырымдылық пен қонақжайлылықты және т.б. айтуға болады. Рухани құндылықтардың орнына материалдық құндылықтар басым болмауы үшін, әлеуметтік жетесіздік пен рухсыздыққа бой алдырмау үшін, болмысымызға жат діни көзқарастар белең алмау үшін бұл құндылықтарды өзара бөлісу, ұстануға шақыру, түсіндіру, әсіресе жастар арасында кеңінен насихаттау керек. Жастарды Отанға адалдық рухында тәрбиелеу, олардың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету, ақпараттық технологияларға, шет тілдеріне, қазіргі заманғы кәсіптерге оқыту, спортпен шұғылдануға тарту, ұлттық және отбасылық құндылықтарды нығайту әділетті қоғам құрудың маңызды шарты болып табылады. Құндылықтарды құлдыратпау өз қолымызда екенін естен шығармайық.
Г.Ханафина,
«Саран қаласының ішкі
саясат бөлімі» ММ-нің
бас маманы, ақпараттық-
түсіндіру тобының мүшесі