10 тамыз – елімізде сөздің майын тамызып, жілігін шаққан, шығармашылығымен ел-жұрттың мұң-мұқтажын жеткізе білген қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының туған күні.
Абайдың: «Атаның ұлы болма, адамның ұлы бол» немесе «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген қасиетті де, құдіретті сөздері қай заман, қай қоғамда болмасын адамзат баласының ортақ тағылымы іспеттес. Саран қаласында жыл сайын оқушылар арасында «Абай оқуларынан» бөлек ақынның ішкі рухани құндылығын дәріптейтін тағылымы мол, руханияты дара іс-шаралар өтіп тұрады. Осы жолы да қаламыздағы жалғыз қазақ тілді Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің мұрындық болуымен «Қазақтың дара туған дана Абайы» атты онкүндік аясында дәл осы тақырыппен челлендж ұйымдастырылды.
Оны мектептің ұлағатты ұстазы, қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі Орынтай Баймагамбетова ақынның «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» өлеңімен бастап беріп, білім орданың ұстаздары мен оқушыларына жолдаған. Ұлы ақынның шығармаларын насихаттау, дәріптеу, ақынның жауһар жырлары арқылы ұрпақ бойына ізгі қасиеттердің сіңіру мақсатында өткізілген челленджге оқушылар қуана-қуана қатысты. Абай Құнанбаевтың 45 өсиет әңгімесі мен философиялық трактаттарынан тұратын Абайдың қара сөздері, асыл туындылары балалардың шығармашылық жұмысының өзегіне айнала білді. Челленджге бастауыш сыныптан бастап, орта буын білім алушыларға дейін белсене қатысқан. Кейін Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің бастауыш сынып мұғалімі Толқын Насенова игі бастаманы Саран қаласындағы барлық білім беру ұйымдарына жолдаған болатын.
Саран қаласында Абай атындағы жалпы білім беретін мектеп ұжымы мемлекеттік және ұлттық мерекелерге асқан жауапкершілікпен қарап, өркениетті істердің басы-қасынан табылады. Абай Құнанбайұлының туған күніне орай да ұстаздар мен оқушылар сақадай сай дайындалған. Мәселен, «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» атты Абайдың қара сөздеріне 8-11 сынып оқушылары, мектеп мұғалімдері саундтрек түсірген. «Абайдың сөзі - қазақтың бойтұмары» тақырыбында 3-7 сынып оқушылары Абайдың өлеңдерін мәнерлеп оқыса, 5 тамыз күні «Көңілім әнді ұғады» тақырыбында мектеп оқушылары «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай» әндерін орындап берген. Ал 6 тамыз күні мектеп кітапханашысы Гүлмира Смаилованың ұйымдастыруымен «Біз Абайды білеміз бе?» тақырыбында танымдық сабақ өткізілсе, күні кеше ғана қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы, классикалық орыс әдебиетінің негізін салушы Александр Пушкин мен атақты нeмic ақыны Йоганн Вольфганг фон Гёте туралы үш тілді викториналық ойындар өткізілген.
Бірі білсе, енді бірі білмес. Ибраһимнің (Абайдың азан шақырып қойған шын есімі - Ибраһим) сүйікті ойыны – тоғызқұмалақ. Осыны ескерген Абай атындағы жалпы білім беретін мектеп ұжымы оқушылар арасында «Қуат алып Абайдың оң ісінен» тақырыбында тоғызқұмалақтан жарыс өткізуді көздеп отыр. Одан бөлек асыл мұра болып қалдырған құндылықтары арқылы өскелең ұрпаққа шығармашылық әлеуетін ашуға көмектесу мақсатында данышпан ақынның қайталанбас дара тұлғасын сипаттайтын суреттер байқауы ұйымдастырылмақ.
- 9 тамыз күні оқушылар екі топқа бөлініп, бастауыш сынып оқушылары Абайдың мысалдарына сүйене отырып, ал орта буын оқушылары Абайдың жалпы шығармалары бойынша суреттер салатын болады, - деп атап өтті Абай атындағы жалпы білім беретін мектеп директорының тәрбие жөніндегі орынбасары Гульден Серикова.
Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің 5-сынып оқушысы Оразалы Бейбарыс болса онкүндік аясында жазғы демалыс уақытында Қарқаралыдағы «Құнанбай қажы мешітін» тамашалағанын айтып, одан алған әсерімен әлеуметтік желіде бөліскен.
Гульден Серикованың айтуы бойынша, жоғарыда аталған әдеби-танымдық іс-шаралардың нәтижесі салтанатты түрде білім орданың алдында мараттау рәсімінде жария етілмек. Белсене қатысқан оқушыларға алғыс хаттар табысталмақ.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА