«АМАNAT» партиясының депутаттары «Жасыл ел» жастарымен бірге «Жеңіс» обелиск аумағын шашылып жатқан қоқыс-қалдықтардан тазартты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде атап өткендей: «Шын мәнінде, елімізді көгалдандыру, абаттандыру – үлкен мемлекеттік маңызы бар іс. Бұл бүгін шығып, ертең ұмытып кететін бірреттік науқан емес. Аталған жұмыс тұрақты түрде жүргізіледі. Туған жерімізді таза ұстауымыз керек. Бұл – жалпыұлттық мәселе». «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы Саран қаласында тұрақты негізде жүргізіледі. Оған халық қалаулыларынан бастап, ұйымдар мен кәсіпорындар қолдау көрсетіп, қоршаған ортаны таза ұстауға өздерінің сүбелі үлестерін қосуда.
- Мен «Таза Қазақстан» акциясын қолдаймын. Қаланың азаматтарын, тұрғындарын осыған шақырамын. Бұл енді «Таза Қазақстан» акциясы болғаннан кейін әр қаланың орталығы, әр облыстың орталығы, әр ауыл, әр аула әрқашан таза болуы керек. Сондықтан да осы іс-шараға барлық қала тұрғындарын, Қазақстан халқының азаматтарын бәрін шақырамын, - деді Саран қалалық мәслихатының төрағасы Өміржан Баймағанбетов.
Депутаттар «Жасыл ел» еңбек жасағымен бірге «Жеңіс» обелискі маңын қоқыстардан жинап, шашылып жатқан пластикалық бөтелкелер мен түрлі қалдықтардан тазартты. Сондай-ақ, сол жерде орналасқан ескерткіштер де жуылды.
- Әр азаматтың өз ұстанымы болуы керек деп ойлаймын. Егер әр азамат өз артынан жинап жүрсе, қала таза болар еді,- деді қалалық мәслихаттың депутаты Жанбол Жаяубаев.
Биыл «Жасыл ел» еңбек жасағына үш ай ішінде 210 жауынгер жұмысқа орналасқан. Олардың күшімен маусым мен шілде айларында 5000-нан астам қап қоқыс жиналған. Тек қала көшелері ғана емес, сондай-ақ Карагандинка өзенінің, бөгет су қоймасының маңы қоқыстардан тазартылған.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА