10 тамыз күні Қарағанды қаласының орталық мәдениет және демалыс саябағында ақын–ағартушы, жазба қазақ әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, философ, композитор, аудармашы, саяси қайраткер Абай Құнанбаевтың туған күніне арналған «Сарыарқа саздары» облыстық фольклорлық фестиваль өтті. Оған Ақтас кентінің мәдени-сауық орталындағы «Ақ шаңырақ» этно-мәдени бірлестігінің «Ақтас шамшырағы» фольклорлық ансамблі қатысып өз өнерін паш етті.
Киелі сахна төрінде хакім Абайдың өлеңдері мен әндері шырқалды. Ақтас кентiнiң құрметті азаматы, «Ақ шаңырақ» этно-мәдени бiрлестiгiнiң мүшесі, «Ақ әже, аталар» тобының солистi Сейтқазина Рымтай «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес» өлеңін мәнерлеп оқыса, «Ақтас шамшырағы» фольклорлық ансамблі көптің сүйіп тыңдап жүрген «Көзімнің қарасын», «Үкілі домбыра» үйірмесінің жетекшісі Шарипбаева Бибайша «Айттым сәлем қаламқас» әнін орындап берді. «Абай-Тоғжан» монологында Абайды Ақтас кентіндегі С-300 зинеттік зымырандық дивизионның сарбазы Талғат Нургалиев сомдады.
- Дайындық барысында Абайды сомдау қиын болды. Негізі Абайдың рөлін бірінші рет ойнауым, - деп пікірін білдіре кетті Талғат Нургалиев.
Ал сол монологта Абайдың ғашығы Тоғжанның рөлін Ақтас кентіндегі мәдени-сауық орталықтың әдіскері Фаттахова Нурзия сомдап шыққан. Шағын көрініс көрермендердің көңілінен шығып, «Ақ шаңырақ» этно-мәдени бірлестігіне диплом мен 100 мың теңгелік сертификат табысталды.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА