Саран қаласының жастары Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін жатқа айтудан бақ сынасты.
12 тамыз күні Саран қаласының тілдерді дамыту орталығының ұйымдастыруымен бірінші рет Абай Құнанбайұлының туған күніне орай «Абай оқулары» қалалық байқауы өтті. Оған 14 пен 29 жас аралығындағы кез келген қала тұрғыны қатыса алған. Әдеби додаға 10 қатысушы өз бағын сынап көрген, олардың арасында көпбалалы ана Ирина Девевье де бар.
- Мен негізі мектепте оқып жүргеннен бері осындай қалалық, облыстық Абай, Шәкәрім оқуларына қатысатынмын. Байқау жайлы естігенде қатысып көруге бел будым. Бұрынғы жаттағандарымды есіме түсіріп, келіп тұрмыз. Абайдың 20 шақты өлеңін, 3-4 қара сөзін жатқа білемін,-деп жауап берді Саран қаласының тұрғыны Ирина Девевье.
Поэзияға жақын жандардың басын қосқан байқаудың мақсаты - қазақ халқының әдеби мұрасын, Абай шығармаларын дәріптеу арқылы мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту және оның мәртебесін арттыру, жастар арасында ұлы ақынның шығармаларына деген сүйіспеншіліктерін ояту.
Бұл байқаудың өзге байқаудан ерекшелігі – тек хакім Абаймен ғана шектелмей ұлы ақынның шәкірттері мен ол жайлы дерек қалдырған тұлғалар туралы да сыр шертуінде. «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» атты 1 –кезеңде қатысушылар хакім Абайдың өлеңдерін немесе қазақтың бас ақынынан дәріс алған шәкірттерінің шығармаларын жатқа мәнерлеп оқыса, 2-кезеңде ағартушының қара сөздерін немесе белгілі қазақ жазушыларының Абайдың өмірі мен шығармашылығына қатысты туындыларынан үзіндіні жатқа айтудан бақталасты.
- Жыл сайын біз Абай әдеби-музыкалық кешін өткізетінбіз. Биыл бірінші рет «Абай оқуларын» өткізуді жөн көрдік. Осы қалалық байқаудан үздік деп шыққан жеңімпаз кейін облыстық байқауға қатысатын болады,- деді қалалық тілдерді дамыту орталығының директоры Альбина Нурмаханова.
Қатысушылардың өнерін әділқазылар алқасында отырған: Қарағанды тілдерді дамыту басқармасы жанындағы ресурстық тіл орталығының әдістері, педагогика ғылымдарының магистрі Ақбота Рымғалиева, Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледж директорының оқу-өндірістік жұмысы жөніндегі орынбасары, қазақ тілі мен әдебиеті оқытушысы Ернар Махаметчин, Саран қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Назгүл Қаржасбаева бағалап, сахна мәдениеттілігіне, оқу шеберлігі мен дауыс мәнеріне, әуезділігіне аса мән беріп отырды.
Саран қаласының тұрғындары арасында өткен «Абай оқулары» қалалық байқауының нәтижесінде 1-орынға Марат Алтынай, 2-орынға Ирина Девевье және 3-орынға Айым Қанапиянова ие болды. Жеңімпаз бен жүлдегерлер арнайы дипломдармен және қаржылай сертификаттармен марапатталды.
- Алдынғы жылдары Бұқар жырау ауданынан кейін, облыстық жарыстарға қатысқан болатынмын. Облыстық жарыста екінші орынды иелендім. Ал Бұқар жырау ауданында бас жүлдеге ие болдым. Негізі жиі қатысып келемін. Маған Абайдың барлық өлеңі ұнайды. Көбінесе бүгін айтқан «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» өлеңі қатты ұнайды, - деп жауап берді Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледждің 4 курс студенті, әрі «Абай оқулары» қалалық байқауының жеңімпазы Марат Алтынай.
Сондай-ақ, барлық қатысушыларға қалалық тілдерді дамыту орталығы атынан алғыс хаттар беріліп, Абай Құнанбайұлының өлеңдер жинағы енген кітабы естелік ретінде сыйға тарту етілді.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА