Қазақ өлеңіне үлгі, өрнек берген, түрін көбейтіп,
қалыбын молатқан – Абай.
Мұхтар Әуезов
9 тамыз күні орталық қалалық кітапхананың ұйымдастыруымен Абай Құнанбаевтың туған күніне орай «Абай әлемі» атты поэзия кеші өтті.
Оған қала жастары қатысып, ұлы ақынның өмірбаяны мен шығармашылығы қамтылған «Абай - ұлы тұлға» атты бейнеролигі көрсетілді. «Абай мұрасы – баға жетпес қазына» тақырыбында кітап көрмесі де ұйымдастырылып, жастарға бала Абайдан дана Абайға дейін жазылған кітаптар топтамасы ұсынылды. Кемеңгер Абайдың толық адам туралы айтқандары – жас өскінді білімге шақыратын, елжандылық, биік адамгершілікке бастайтын жол екендігі түсіндірілді.
- Абай 170-ке жуық өлең, 56 аударма жасап, 45 қара сөз жазды. Абайдың әдеби еңбектері әлемнің көптеген тілдеріне, соның ішінде орыс, қытай, татар, ағылшын, француз, неміс және тағы басқа тілдерге аударылған, - деді орталық қалалық кітапхананың оқу залының кітапханашысы Жансұлу Құрманалина.
Балалар бөлімінің кітапханашысы Алида Мусина Абайдың «Он тоғызыншы» қара сөзін екі тілде оқып беріп, жастармен бірге ақынның жеткізгісі келген ойын ой-талқыға салды. «Құлақтан кіріп, бойды алар, жақсы ән мен тәтті күй. Көңілге түрлі ой салар, әнді сүйсең, менше сүй»,- деп Абайдың өзі жырлағандай ақынның ел аузында жүрген «Желсіз түнде жарық ай» әнін кітапханашылар қатысушылармен бірге жанды дауыста орындап берді. Жас буын өкілдері де қолдарына ұлттық домбыраны алып, өнерлерін ортаға салды.
Жастардың назарына ұсынылған бар мағлұматтар викториналық сұрақтармен бекітілді. Әдеби кеш «Абайды оқыңыз, одан жоғары мәдениетті үйреніңіз. Сөз шебері бізге үйреткен, жақсылық пен адамгершілік сабақтарын ұмытпаңыз» деген ғибратты сөздермен аяқталды.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА