Қазақстан Республикасының спорт күніне орай ұйымдастырылған футболдан республикалық турнирде Саран қаласының футболшылары жақсы нәтиже көрсетіп, жүлделі орынға ие болды.
Саран қаласының балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв мектебінде футбол бөлімінің аға жаттықтырушысы Елжас Айдарбековтің шәкірттері жарады. Саран қаласының намысын қорғап, ел-елді аралаудан, тәжірибе алмасудан қорықпайтын нағыз спортқа жаны ашитын, футболды жақсы көретін спортшылар екендігін әрдайым дәлелдеп, жүрген жерінен әдемі ойын өрнегімен көрініп, жүлделі орындарымен қуантуда. Осы жолы да Алматы қаласында өткен республикалық турнирге 2011-2012, 2013, 2014, 2015 жылдары туған балалар қатысқан. Еліміздің әр жерінен келген 12 команда жасыл алаңда бар өнерін салып, бірінші орынға таласты. Олардың қатарында Саран қаласының балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв мектебінің 2014 және 2015 жылы туған спортшылары да бар.
- Ойын тартысты өтті. Ең алдымен бізді 3 топқа бөліп тастады. Әр топта 4 командадан келді. «А» тобында Астанадан «Адал», Ақтөбеден «Горняк Хромтау», Алматыдан «Арыстан» және біздің «Саран» командасы ойнады, - деді Саран қаласының балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв мектебінде футбол бөлімінің аға жаттықтырушысы Елжас Айдарбеков.
Бірінші кездесуде 2014 жылғы Саран қаласының намысын қорғаған жас футболшылары «Адал» командасын 2:1 есебімен ұтты. Кейін «Горняк Хромтау» командасымен кездесіп, оны ойсырата 5:0 есебімен жеңіске жетті. Алматылық «Арыстан» командасын да 5:1 есебімен тізе бүктіріп, жартылай финалға жолдама алған. Онда «Астана-2» футбол орталығының ойыншыларымен ойнап есеп 0:0 болғаннан кейін, белгіленген айыпдоптың нәтижесінде 5:4 есеппен, финалға шықты.
Финалық ойында «Саран» командасының капитаны, әрі қақпашысы Амиров Ибрагим айыпдобын орындап, 1:0 есеппен «Астана 1» футбол орталығының командасына қарсы есеп ашқан. Бірінші тайм барысында «Саран» командасының шабуылшысы Кабдуллаев Алан мергендік танытып, есепті 2:0 еткенімен, Амиров Ибрагим қызыл қағазбен ойыннан шеттетіліп, «Саран» командасы қарсылас топқа қарағанда бір ойыншыға кем ойнаған. Төрешілер берген кезекті айыпдоп барысында «Астана 1» футбол орталығының ойыншылары есепті 2:1 қылдырып, ойынның аяқталуына 40 секунд қалғанда екінші голын салуға үлгереді. Есеп тағы да тепе-тең түсті. Финалдық ойынға бар күшін салып ойнағанда, жеңіске сәл қалғанда екі айналымға барған айыпдобына қатысу ойыншыларға оңайға соқпады. «Саран» командасы аяғына дейін беріспесе де, қарсыластары бір ұпаймен басым түсіп 15:14 есеппен жеңіске жетті. Тартысты ойын нәтижесінде 2014 жылғы туған балалардан құралған «Саран» командасы 12 команда ішінен 2-орынға ілігіп, күміс медальдармен марапатталды. Сондай-ақ, «Саран» командасының ойыншысы Надер Нұртасқа «Үздік жартылай қорғаушы» деген номинациясы берілді. Ал, 2015 жылы туған балалар арасында өнер көрсеткен Саран қаласынан шыққан екінші команданың ойыншылары 3 жеңіске қол жеткізіп, бір тең ойын мен бір жеңіліспен матч нүктесін қойды. Жалпы командалық есепте қақ ортадан шығып, 6-орынды иеленді.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА