Егемен елімізде еселі еңбегімен сыйлы, қоғамның дамуына сүбелі үлесін қосып жүрген азаматтар баршылық. Олар әр салада тер төгіп, адал жолмен еңбек етіп жұмысының жемісін көруде. Жұмыстың оңайы жоқ. Бұл – өмірдің өзі дәлелдеп тастаған ақиқаты. Әр жұмыстың өзіндік қыр-сыры мен қиындығы қатар жүреді. Сондай қызығынан гөрі жауапкершілігі басым жұмыстардың бірінде Саран қаласының тұрғыны Қайып Шакенов еңбек етуде.
Қайып Шакенов - Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, бұрынғы Восток, қазіргі Тоқтар ауылының тумасы. Жарлы деген жерде орыс мектебінде сауатын ашқан. 1988 жылы Саран қаласына аяқ басып, резина техникалық бұйымдар шығаратын зауытта жұмыс істей бастаған.
- Зауытта қарапайым жұмыскер болып жұмысқа кірдім. Менің әкем де осы РТИ зауытында жұмыс істеген. Атам 120-сыншы «Саранская» шахтасында қызмет етіп, кіші Саранда тұрып, сол жерден зейнеткерлікке шыққан,- деп отбасылық еңбек жолдарымен бөлісе кетті Қайып Шакенов.
Оның айтуынша, он екі жыл зауытта жұмыс істегеннен кейін 2000 жылдары Саран тау-кен байыту комбинатында слесарь жөндеуші болып еңбек еткен. Кейін комбинат жабылғаннан кейін «Qarmet» АҚ КД Қарағанды жүк тиеу-көлік басқармасында көшу жөніндегі кезекші болып 2009 жылы жұмысқа тұрған.
- «Qarmet-те» істеп жүргеніме биыл 15 жыл болады. Менің жұмыс күнімде таңертең жұмысқа келіп ауысымды қабылдап алып, құжаттарымызға қол қоямыз. Бәрін тексеріп, қарап отырамыз,- дейді қала тұрғыны.
Бүгінде еңбегімен сыйлы азамат бір әулеттің бетке ұстар отағасы, сүйікті жар, ардақты әке, мейірімді ата. Саран қаласына аяқ басқалы өмір айдынында жақсы жандармен жолығып, арман-мақсаттарына бірте-бірте қол жеткізуде.
- Саран қаласына өте ризамын. Өйткені осы жерде балалы-шағалы болып, немерелі болдым. Көңіліме жаққан, өзіме ыстық. Алда қаланың 70 жылдық мерейтойы келе жатыр. Қаламыз өркендеп, өсе беруін тілеймін. Осылай әдемі бола берсін, - деп кейіпкеріміз сыр-сұхбат барысында қалаға деген ыстық ықыласын білдірді.
Дана халқымызда «Ердің атын еңбек шығарады» деген сөз бар. Қайып Шакенов те ата-әке жолын қуып, маңдай термен келетін берекелі, ырзыққа толы адал еңбектің жемісін көруде. 1992 жылы асыл жары Гүлнар Сағындыққызы Шакеновамен шаңырақ көтерді. «Ұлың – ырысың, қызың – өрісің» демекші, үш перзенттің ата-анасы атанып, бүгінгі күні жиендерінің қызығын қызықтауда. «Әр баланың орны бір төбе», - дейді кейіпкеріміз. Олар жетістікке жетсе, риясыз қуанып, білгенімен бөлісіп, әрдайым жолдары ашық болуын тілеп жүретін тілекшілердің бірі. Ата-ана ретінде балалардың амандығы әрдайым бірінші орында. «Еңбек түбі – береке» деген ұстаныммен алға қарай нық қадам басып, аянбай еңбек етіп келеді.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА