Бүгін: 23.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Ислам дінінде отбасы бірлігіне айырықша маңыз берген. Отбасы - исламда баға жетпес құндылықтар ретінде әспеттеледі. Қоғам отбасыдан басталатындығын ардақты пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жете түсініп, тұтас қоғамды таза ұстаудың бірден-бір кепілі – отбасы тәрбиесі мен жанұя құндылықтарында екендігіне маңыз берген.

Ардақты пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ер кісі отбасының бақташысы, сондықтан ол қол астындағыларға жауапты» деген. Тағы да тағылым тұнбасы-хадистерде: «Әйел өз үйі мен балаларының бақташысы, сол үшін жауапты» деп, әйелді отбасы берекесінің ұйтқысы, ұйыстырушысы ретінде белгілеген. Ислам дінінде осылайша отбасы мүшелерінің өзара сыйластығы реттелген. Осыған қарап ақ отбасы мүшелерінің өзара міндеттерін исламда анық көрсетілген. Отбасын асыраушы ретінде ер адамның жауапкершілігін айқындап өткен. 

Қазақта: «Отан – отбасынан басталады», «Өз үйім – өлең төсегім», «Екі жақсы қосылса ай мен күндей» «Үйде береке болса, дастарханда берекет болады»  деген ұлағатты сөздер бар. Мұнда отбасы құндылықтары мен үлкенді сыйлау, береке мен ынтымақ мәселесіне зор баға берілген. Халқымыз тектілікке ерекше маңыз берген. Текті болу дегеніміз - өнеге мен әдептіліктің ғасырларға жалғасқан үрдісін сақтауға жатады. Қазақ халқында ислам дінімен ұштасқан, тамаша қалыптасқан отбасылық тәрбиенің озық үлгісі бар. Тәрбиенің бұл тамаша озық үлгісі ғасырлар сынынан өткен, ұлағат пен өнеге сіңген зор тағылымдардың құндылығының жиынтығы деуге болады.

Отбасындағы бала тәрбиесі де – маңызды амалдың бірі. Біздің халықта бала тәрбиесіне қатысты қағида қалыптасқан: «Бес жасына дейін баланың құлы бол, бес жас пен он бес жас аралығында оны құлыңдай жұмса, он бес жастан кейін досыңдай сырлас». Бұл – бала тәрбиесіндегі басты құндылықтар. Жүсіпбек Аймауытов бір сөзінде: «Тәрбиеге әсер беретін нәрсе: баланы жан-жақты білу керек», – деген екен. Баланы дұрыс білу, қарым-қабілетін жан-жақты тану, көңіл-күйін аңғару, мұның бәрі оны тәрбиелеуге, былайша айтқанда жақсы басқаруға оң әсер етеді.

Алла Тағала отбасымызды аман етіп, жанұямызға жақсылығын жаудырғай. Әр шаңыраққа бақ пен береке, бірлік пен ізгілік тілейміз!

Мұсабеков

Нұржігіт Оразалыұлы,

Саран қалалық

мешітінің имамы,

ақпараттық топтың мүшесі