Саран қаласының спортшылары «Арай-2024» жазғы спартакиадасынан олжалы оралды.
Спорт күніне орай 14-16 тамыз күндері аралығында Балқаш қаласында «Арай-2024» XVII жазғы спартакиадасы өтті. Оған облыс бойынша 6 қала қатысып, 12 спорт түрінен жарысқан. Жыл сайын ұйымдастырылатын додаға Саран қаласынан 80 спортшы барып, 9 спорт түрінен бақтарын сынап көрген.
- Спартакиадаға жыл сайын қатысамыз. Саран қаласында көрсетілген спорт түрлерінен іріктеу өткізіп, жеңімпаздарды ақтық жарыстарға алып келдік. Спартакиаданың өзі жақсы өтті. Барлығы жоғары дәрежеде болды, - деді Саран қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Мұхаммедрахым Арнешов.
Спартакиаданың өзі 3 кезеңнен тұрды. 1-кезеңде кез-келген меншік түріндегі кәсіпорындардың, мекемелердің дене шынықтыру және спорт ұжымдарындағы бұқаралық жарыстар орын алса, 2-кезеңде шілде-тамыз аралығында облыс қалаларындағы спартакиадалар өткен. Шешуші 3-кезеңде облыстық ақтық жарыстар өткізілген. Бекітілген ережеге сәйкес бір спортшы бағдарламаның тек бір түріне ғана қатыса алған.
Сараннан аттерлетіп барған спортшыларымыз үшін биылғы жарыс жолы сәтті басталды. Екі күнге созылған жарыстардың нәтижесінде ерлер арасында өткен «Асық ату» ойынынан 1-орынға ие болды. Әйелдер арасындағы «Бес асық» пен волейболдан 3-орынға ілікті. Жазғы Президенттік көпсайыс пен шахматтан да 3-орын бұйырды. Жалпы командалық есепте «Саран» құрамасы 5-орыннан көрінді.
Енді келесі «Арай-2025» облыс қалалары арасындағы жазғы спартакиадасы Саран қаласында өткізілмек.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА