Еліміздің тәуелсіздік алуымен бірге қазақ тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болды. Қазақ тіліміз дамып, оның қоғамдық маңызы арта түсті. Мемлекеттік тіл мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық салаларында қолданылатын тіл болғандықтан, жүргізілетін барлық іс – қағаздары мен құжаттар мемлекеттік тілде болуы тиіс.
«Тілін білмеген тегін білмейді» – деген. Бүгінгідей ел болып еңсе көтерген тұста ана – тіліміздің қадір – қасиетін арттырып, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру барлығымыз үшін маңызды мәселе. Бұл бағытта қазіргі таңда жер – жерлерде арнайы шаралар ұйымдастырылып, барша жұртты қазақ тілімен қауыштыру жүріп жатыр.
Осыған орай, Саран қаласының полиция бөлімінде де іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу мәселесіне аса көңіл бөлінген. Қызметкерлерге қалалық тілдер бөлімінің әдіскерлерімен мемлекеттік тілді оқу – үйрену бойынша курстар ұйымдастырылған. Полиция бөліміндегі барлық іс –шаралар, саптық дайындықтар, жедел және аппараттық кеңестердің хаттамалары, Қазақстан Республикасының ІІМ, полиция департаменті және басқа да мемлекеттік мекемелермен хат алмасу, іс қағаздарын жүргізу тек мемлекеттік тілде жүргізіледі. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, ана сүтімен дарыған ана тілімізді құрметтеп, оның дәрежесін биікке көтеру, рухани азығымыз – ана тілімізге ықтиятпен көңіл бөліп, оның өрісін кеңейтуге барлығымыз атсалысайық.
Мемлекеттік тіл – саяси тұрақтылықпен Қазақстанның өсіп – өркендеп, бірлігі мен ынтымағы жарасқан елдігіміз бен теңдігіміздің қайнар көзі, кемелді келешегіміздің ұйытқысы екенін ұмытпайық. Өркениетке құлаш ұратын елдің өрісі қашанда білікті де, саналы ұрпақпен кеңеймек. Өскелең ұрпаққа тәлім – тәрбие беруде, ана тіліміздің қадір – қасиеті мен құндылығын терең түсіндіру арқылы, ұрпақтың Отанға деген сүйіспеншілігін арттыру, әр ата – ананың ел алдындағы азаматтық борышы! Олай болса, барлығымыз өзіміз болып атсалыспасақ, басқаның жаны ашымайды.
Демек, болашағымыз жарқын, мемлекетіміздің тұғыры биік болуы, сіз бен бізге байланысты.
Ж.Джумашева
Саран қаласының полиция бөлімі