Тіл ең алдымен, кез келген ұлттың ұлттық белгісі. Сондықтан тәуелсіздік алған әрбір ұлт алғашқы қадамын ана тілінің тұғырын нықтап, мәртебесін биіктетуден бастайды. Тіл үнемі дамып отыратын құбылыс. Тіл дамуы да, тіршілік дамуымен тағдырлас. Әлсізді әлдінің жейтіні сияқты шағын тілдердің дамуы бәсеңдеген де, ұлы тілдердің жемсауында кетіп отырған.
Дәстүр мен ұлт мәдениетін үйретудің басы – ана тілі. «Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата – бабамызды, тарихымызды ұмыту» – деген Бауыржан Момышұлы. Ана тіліміз жөнінде қай заманда да болсын дуалы ауыздар айтудай – ақ айтқан. Бірақ оны тыңдап жатқан қазақ баласы аз.
Мемлекетке қызмет ету үшін ең алдымен мемлекеттік тілді білу бүгінгі заман талабы. Өйткені, мемлекеттік тілді білмеген мемлекеттік қызметкерлер, мемлекеттік қызметте қызмет атқарулары мүмкін емес. Бүгінгі күні қазақ тілін оқыту курстары тегін – ол мемлекет есебінен ұйымдастырылған, ал ағылшын тілін білгісі келген адам ақылы, яғни өз қалтасының есебінен оқиды. Сондықтан, мемлекеттік тілді игеруде әрбір қазақстандық үшін мемлекет тарапынан ұсынылып жатқан мүмкіндіктерді жіберіп алмаған жөн.
Ана тіліміз – ұрпақтан ұрпаққа жеткізілетін, қоғамның барлық салаларында қолдануға жарамды, заман талаптарына толық жауап бере алатын қазыналы тіл! Сондықтан оның болашағы жарқын екендігіне күмән жоқ. Қай салада болмасын мемлекеттік тілдің өрісі биік болуы керек. Сонда ғана ана тіліміз қанатын кеңге жаяды.
Мемлекеттік тіліміздің өрісі биік болғай!
Ж.Джумашева,
Саран қаласының
полиция бөлімі