Бүгін: 09.04.2025
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Жалынды жастардың тілін тауып, спортқа баулитын «Saran Jastar Fest» мерекелік бағдарламасы кеншілер күніне орай өз жалғасын тапты.

Өткен аптада қаламызда барлық мерекелер кен өндіру саласында еңбек етіп жүрген, ержүрек кеншілерге арналды. Саран қаласында әр жұма өзінің ерекше іс-шараларымен есте қалуда.  23 тамыз күні қалалық «Сұңқар» стадионы қала тұрғындарына толықты. Еңбектеген баладан бастап, еңкейген қартқа дейін «Saran Jastar Fest» мерекелік бағдарламасын тамашалауға келді. 

-              Осы шарада біздің мақсатымыз – жастарды, қала  тұрғындарын спортқа баулу. Салауатты өмір салтын насихаттау, - деп атап өтті Саран қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің  бас маманы Мұхаммедрахым Арнешов.

Саран қаласының тұрғынды әрдайым спортқа жақын жүреді. Таза ауа аясында спортпен шұғылдануды – бірінші орынға қояды. Мерекелік бағдарлама аясында воркаут алаңында жастар бір-бірімен қол күрестен, белтемірден өз күштерін сынап көрген. Шахмат, тоғызқұмалақ, дойбы сынды зияткерлік ойындарды ойнаған.  Сол күні өткен барлық спорттық шараға кез келген қала тұрғыны қатыса алғаны көңіл қуантады.

Бәрінен, кешке өткен мотоциклшілердің  шоуы естен кетпестей әсер қалдырғаны анық.  Мотоспортта кең таралған кедергілерді жеңіл өткере алатын «Эндуро» мотоциклдер класы бойынша үлкен шоу ұйымдастырылды. Жүрек жұтқан мотоциклшілер алаңның ортасында лаулап тұрған шеңберден сескенбей секіріп өтіп, өз өнерін ортаға салғаны бар. Мұндай шоу қаламызда бірінші рет қойылмаса да, әрдайым ел назарында.

«Шынықсаң шымыр боласың» демекші, жыл басталғалы Саран қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі Саран қаласының 70 жылдық мерейтойына орай 70-тен аса спорттық іс-шара ұйымдастырған. «Әлі де қала тұрғындары үшін жарқын жарыстар, жемісті жеңістерге толы шаралар өтетін болады», -  дейді ұйымдастырушылар.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА