Бүгін: 22.10.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

23 тамыз күні «Ана үйі»  қоғамдық қорының Қарағанды қаласындағы «Дом мамы» ресурстық орталығының өңірлік маманы Надежда Жалбаева Саран қаласының отбасын қолдау әлеуметтік орталығына келіп, жүзеге асырылып жатқан тың жобалар жайлы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Іс-шараға Саран қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор меңгерушісі Наталья Курганникова, қалалық мансап және отбасын қолдау әлеуметтік орталықтардың өкілдері қатысты.

Кездесу аясында Қарағанды қаласының «Дом мамы» ресурстық орталығының өңірлік маманы Надежда Жалбаева «Ана үйі» қоғамдық қорының жұмысымен таныстырып,  жаңа туған нәрестемен қиын өмірлік жағдайға тап болған аналарға, сондай-ақ баласынан бас тарту қаупі бар отбасыларға арналған жобалармен бөлісті.

-              Біз отбасы мен баланың амандығы үшін жұмыс істейміз. Біздің міндетіміз – қазақстандық балалардың балалық шағын барынша берекелі ету. Қордың бірнеше жобасы бар. 11 жыл ішінде жұмысымыз айтарлықтай өсті. Бүгінде біз шамамен 5 жобаны жүзеге асырудамыз,- деді Надежда Жалбаева.

 «Ана үйі» қоғамдық қоры 2013 жылы ұйымдастырылған. Қордың алғашқы жобаларының бірі –«Дом мамы» деп аталған  дағдарыс орталықтарының желісі болған.  Бүгінде «Дом мамы» ресурстық орталығында қиын өмірлік жағдайға тап болған нәзік жандылар көмек ала алады. Уақытша баспанамен қамтамасыз етіліп, 6 ай уақыт аралығында тегін медициналық, заңгерлік және психологиялық кеңес беріледі.

Қазіргі таңда Қазақстан бойынша барлық «Аналар үйінде» шамамен жеті мыңға жуық әйел көмек алды. Ал Қарағанды қаласында орналасқан «Дом мамы» ресурстық орталығында 306 әйел мен 329 балаға көмек көрсетілген. 

Қор мамандары үшін ана мен баланың денсаулығы мен аяққа нық тұрып кетуі өте маңызды. Сол себепті бүгінде оларда «Балажан», оңалтуға бағытталған бірнеше жобалар жүзеге асырылуда. Одан бөлек, өз-өзін дамытуға зор мүмкіндік беретін оқыту курстарымен де қамтамасыз етеді.

 Қарағанды қаласының «Дом мамы» ресурстық орталығының өңірлік маманы Надежда Жалбаева бүгінде облыс бойынша ашылған жанұя бірлігін сақтап қалуға жұмыс істеп жүрген орталықтарды аралап, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Биыл Қарағанды қаласындағы отбасын қолдау орталығының ұжымымен танысса, ендігі кезекте Саран қаласының отбасын қолдау әлеуметтік орталығынан кейін Балқаш қаласындағы отбасын қолдау орталығына баруды жоспарлап отыр.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА