Бүгін: 22.10.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Кеншілер күні қарсаңында «Сокурская» шахтасында қаза тапқан кеншілерге арналған мемориалына гүл шоқтары қойылып, бір минут үнсіздік жарияланды.

24 тамыз күні кеншілердің кәсіби мерекесі қарсаңында қалалық зиратта орналасқан «Сокурская» шахтасында қаза тапқан кеншілерге арналған мемориалда митинг өтті.  Оған қала әкімінің орынбасары Сағынбек Бейскеев, қалалық мәслихаттың төрағасы Өміржан Баймағанбетов, қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ғалия Туртбаева, Саран қаласының құрметті азаматы, көмір өнеркәсібінің ардагері Жанат Ашимов, «Саранская»  шахтасының кәсіподақ комитетінің төрағасы Александр Краус, ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмабике Токушева және шахта ардагерлері мен туған-туысқандары, достары, қала жұртшылығы қатысты.

Митинкті ашып жүргізген Саран қаласының құрметті азаматы Жанат Ашимов: «Біз жыл сайын 20 ақпанда  «Сокурская»  шахтасында  қаза болған кеншілерімізге құрмет көрсетеміз. Міне, 46 жыл өтті. Біз олар туралы ұмытпаймыз, біз оларды әрқашан есте сақтаймыз», - дей келе, биыл Саран қаласының 70 жылдығына орай шаһарда кеншілерге арналған мурал мен  аллея пайда болатының айтты.

Келесі болып сөз алған қала әкімінің орынбасары Сағынбек Бейскеев пен қалалық мәслихаттың төрағасы Өміржан Баймағанбетов өміріне қауіп төндіретін қиын жағдайда жұмыс істейтін кеншілердің ерен еңбегін атап өтті. Сондай-ақ шарада «Сокурская» шахтасында жұмыс істеген үздік бригадирлердің бірі, «Ленин» орденімен, ІІІ дәрежелі «Шахтер даңқы» төсбелгісімен марапатталған Абрик Ахмадуллиннің және тыл еңбеккері, «Еңбек ардагері», Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске арналған бірнеше мерейтойлық медальдердің иесі, биыл 90 жасқа келген, «Сокурская» шахтасында еңбек еткен Наиля Ахмадуллинаның баласы Наиль Ахмадуллин  болды. Әке жолын жалғастырып, өз өмірін тау-кен ісіне арнаған кеншінің қызы да бүгінде «Саранская» шахтасында жұмыс істеп келеді. Бұл әулет үшін Кеншілер күні – ең жылы әрі маңызды мереке.

-              Шахтер – бұл тату үлкен  бір отбасы. Егер мереке болса, онда кеншілер тойлайды, егер бұл қайғы мен қаза тұту болса, онда кеншілер де аза тұтады. Менің әкем толық емес 45 жыл өмір сүрді. Кеше мен 65 жасқа толдым. Әкем осы уақыт ішінде үлкен жетістікке жетті. Ағам екеумізді аяғымызға тұрғызды, білім берді, өкінішке орай ол өзінің 4 немересі мен 6 шөбересін көрмей кетті. Мереке қарсаңында баршаңызға зор денсаулық, ал кеншілерге әрине апатсыз жұмыс тілеймін, - деді Наиль Абрикович.

 Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмабике Токушева да жиналған қауымды кеншілер күнімен құттықтап, ізгі тілегін білдірді. Ал «Саранская» шахтаның ардагері Геннадий Полуэктов қаза тапқан кеншілерге өлең шығарған Виктор Лисовенконың жыл сайын оқыған «Памяти погибших шахтеров» атты  авторлық туындысын оқып берді.

1978 жылы 20 ақпанда «Сокурская»  шахтасында  жарылған метан газынан 72 кенші өмірден өтті. Бұл қайғылы оқиға Саран қаласының тұрғындарының жүрегіне орны толмас із қалдырды. Шара соңында жиналған қауым шахтада қаза тапқан кеншілерді бір минут үнсіздікпен еске алғаннан кейін мемориалға гүл шоқтарын қойды.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА