Бүгінгі күні азаматтардың құмар ойындарға тәуелділігі, яғни жалпы сөзбен айтқанда «лудомания» қоғамда өзекті мәселенің бірі болып отыр.
Лудомания - бұл адамның ойындарға, шамадан тыс және бақыланбайтын әуестігі. Бұл мінез-құлық адамды ойындарға эмоционалды және қаржылық жағынан тәуелді етіп, өмірдің басқа салаларынан елеусіз қалдыруына әкеледі.
Осыған байланысты елде патологиялық құмар ойындарға тәуелділіктің алдын алу бойынша бірқатар шаралар қабылдануда.
2024 жылдың 8 шілдесінде Мемлекет басшысы ойын бизнесі, лотерея қызметі және лудоманияға қатысты заң жобасына қол қойды.
Атап айтқанда, құмар ойындарға бас тігуге қатысуына тыйым салынатын адамдар санатының тізімі кеңейтілді.
Сонымен қатар, Мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексіне толықтырулар енгізілді, оған сәйкес мемлекеттік қызметшілер қызметтік міндеттерін орындауға байланысты жағдайларды қоспағанда, ойын мекемесіне барудан тартынуға міндетті.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті 2024 жылғы 5 қыркүйекте Әдеп жөніндегі уәкілдермен және облыстың орталық және жергілікті атқарушы органдарының мемлекеттік қызметшілерімен лудомания бойынша семинар-кеңес ұйымдастырылды.
Спикер ретінде Қарағанды облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің бірінші жедел басқармасының аға жедел уәкілі Ә.Б.Бақшиев, Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің академиялық жұмыс жөніндегі проректоры, PhD докторы М.М.Умуркулова және аталған жоғарғы оқу орнының психология кафедрасының аға оқытушысы, PhD докторанты Д.Ф.Мұхамедкаримова қатысты.
Жиын барысында қатысушыларға ойынқұмарлықтың алдын-алу және мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптар түсіндірілді, өз кезегінде қатысушылар өз пікірлерімен бөлісті.
Жиын соңында спикерлер ойынқұмарлықтың алдын-алуға қатысты профилактикалық ұсыныстар берген болса, әдеп жөніндегі уәкілдерге аталған мәселе бойынша әрбір ұжымда Департаменттің қатысуымен түсіндірме жұмыстарын ұйымдастыру ұсынылды.