Тіл қандай ұлтта болмасын әрқашанда қасиетті де құдіретті. Ол әрбір адамға ананың ақ сүтімен дарып, мәңгілік қалыптасады. Қандай мәдениет болмасын қатынас құралы ретінде де, ұлттың барша болмасы көрінген келбеті ретінде тіл арқылы жасалған. Тіл арқылы өмір сүреді, ұрпақтан ұрпаққа, заманнан заманға жетіп, ұлттық тұтастықты сақтайды. Сондықтан да тіл адастырмас темірқазық іспеттес.
Әр халықтың басты байлығы, баға жетпес қазынасы - ана тілі Қазақстан Республикасының негізгі тілі - мемлекеттік тілді, яғни қазақ тілін құрметтеу, оны білу - біздің әрқайсымыздың асыл парызымыз. Ана тіліне салғырт қарау - өз халқының өткеніне, бүгініне, болашағына немқұрайлы қарау деген сөз.
Қазақстан - көпұлтты мемлекет, яғни әр тілде сөйлейтін халықтардың басын біріктіріп отырған мемлекет. Сондықтан да ұлттық болмысымызды, мемлекеттік келбетімізді сақтап қалу үшін қазақ та, басқа этностар да қазақ тілі мен мәдениетінің маңайына шоғырлануы керек. Еңбектеген баласынан, еңкейген қариясына дейін қазақ тіліне құрметі шексіз болып, қазақ тілін меңгеруде ықыласы бөлек болуы тиіс. Қазақ тілі әр қазақтың ар - ожданы, мақтанышына айналуы тиіс. Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту - бүкіл ата -бабамызды, тарихымызды ұмыту - деген сөзді әрбір қазақ ұғынса, біздің тіліміздің жағдайы дәл қазіргі қалпынан әлдеқайда жоғары деңгейде болар еді.
Дүниенің бәйгесінен қалмау үшін, ең алдымен, өзіміздің мәдениетімізді, сол мәдениеттің негізі - тілімізді бәсекеге қабілетті етуіміз керек. Елімізді мекен еткен өзге ұлт өкілдері қазақ халқының салт-дәстүрін қастерлеуде, ұлттық тілін ұлықтауды, Қазақстанды бір ғана Отаным деп білетін олар ұлы халықтың ұлы құндылықтарын өз ұрпақтарының бойына сіңіріп өсіруі тиіс.
Қазіргі таңда мемлекетіміздің аса маңызды да ең өзекті мәселесі мемлекеттік тіл - тіл қазақтың жан дүниесі, рухани негізі, ел еркіндігі мен ұлтты танытатын басты белгісі болып табылады. Ол - ұлт болмысын ұғындырып, төңірегіне жұртты топтастырушы, біріктіруші фактор. Сондықтан мемлекеттік тілді білу - өмір талабы, заман сұранысы, қоғам қажеттілігі. Олай болса, тілді өмірдің барлық саласында қолданып, аясын кеңейту жолында әрбір қазақстандық өз азаматтық міндетін атқаруға тиіс. Ол үшін тіл білуді мақсат тұтып, алдына талап қоя отырып, қажымай ізденіп, айрықша көңіл бөліп, аянбай еңбектенсе, мемлекеттік тілді меңгерері анық.
Қазақстан Республикасының ХХІ ғасырдағы болашағы, шығар биіктері саяси-экономикалық факторлармен қатар, оның мемлекеттік тілі - қазақ тілінің де дамуына тікелей байланысты. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесі Ата Заңымызда анық айқындалған.
Біз қандай жағдайда да, қай кезде де өзге тілдердің дамуына еш нұқсан келтірмей, оларға деген мемлекеттік қолдау - қамқорлық аясын тіпті де тарылтпай отырып, қалай дегенде де Қазақстан Республикасы мемлекетінің негізін құраушы, ел - жер иесі қазақ халқының ұлттық тілі -қазақ тілінің, мемлекеттік тілдің мүддесін мейлінше кең көздеуге маңыз береріміз белгілі. Бұл - әр қазақстандықтың қастерлі парызы. Қазақ тілінің өз мәртебесіне сай толыққанды қоғамдық қызмет атқаруы аса қанағаттанғысыз екенін жан – тәнімізбен түсіне отырып, бүгінде «Тіл туралы» Заңның жүзеге асу барысын талқылауда басты назарды мемлекеттік тіл тағдырына аударарымыз анық. Өйткені қазақ тілі әлемдік мәдениеттің бөлінбес бір бөлшегі ретінде тек қазақ топырағында ғана мемлекеттік мәртебені талап ете алады.
Тәуелсіздіктің негізгі тірегі - ұлттың тілі, діні, ділі. Тәңірдің адам баласына жасаған сыйы да - тіл. Ол - қасиетті де қастерлі. Оның бойында өзекті, жанды өзіне тартып тұратын керемет күш бар. Тілде бүкіл тіршілік тұрғандай. Тіл - ұлттың аса игілікті әрі оның өзіне тән ажырағысыз белгісі. Тілдің тағдыры - баршамыздың қолымызда.
Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл қазақ тілін дамыту, оның қолдану аясын кеңейту, дамуы мен жетілуіне жан-жақты қамқор жасау бүгінгі күн тәртібінен түспейтін маңызды мәселелердің бірі. Осындай мемлекеттік маңызды мәселені жүзеге асыру үшін арнайы қабылдаған бағдарлама мен іс-шараларды тұрақты түрде жүргізу, күнделікті жұмыс барысында мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтеру бәрімізге ортақ міндет.
Г.Омарова,
Саран қалалық сотының судьясы