Бүгін: 21.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінде осы жылдың 27-ші қыркүйегінде БМ-9-23 тобының ұйымдастыруымен «Қарттарын қадірлеген ел ардақты» тақырыбында қарттар күніне орай дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстелдің мақсаты - жас ұрпақтың бойына үлкенді сыйлап, тыңдай білуге, халқының салт-дәстүрінен нәр алуға, инабаттылық пен мейірімділікке тәрбиелеу.

 Ертеңгі ұрпағына өсиет сөз, тәлім-тәрбие берер ақ сақалды ата мен ақ жаулықты аналарымыз дана халқымыздың аталы сөздерін еске түсірген  шараға қаламыздың құрметті азаматы, бірнеше өлеңдер жинағының авторы Мұсабеков Адамжан Рахимберлинович пен «Жас отау» этномәдени қоғамдық бірлестіктің жетекшісі Кернебаева Нұржамал Алдоңғорқызы қатысты.

Саналы ғұмырларын Отан деп, тынымсыз еңбегімен мемлекетіміздің негізін салуға жол ашқан алдыңғы буын ата-әжелеріміздің еңбегі ерекше. Олардың өмір жолдары бүгінгі ұрпаққа табылмас қазына. Осы шарада қонақтарымыз өнегелі өмірімен, өмірлік тәжірибелерімен, көрген-білгендерін ортаға салып, сыр шертті.

Тобымыздың студенттері қызыға тыңдап, әртүрлі сұрақтар қойып, рухани байып қалды. «Атасыз үй-батасыз, анасыз үй-панасыз», «Қарты бар үйдің қазынасы бар...» демекші біздің қазыналарымыз айтқан өсиет сөздерінен ой түйіп, бір жасап қалдық.

Қарттарды құрметтемейтін, олардың алдындағы перзенттік парызын үлкен ынтамен орындамайтын, әдептілік, кішіпейілділік, сергек сезім талдық көрсетпейтін, бұл қасиеттер қанына сіңіп, жүрегіне ұяламаған ұрпақтан не опа, не қайыр?! Адамның өмірінің мәні мен сұлулығы, адамның келешегіне сенімділігі-баланың    ата-анасын ардақ тұтып, өзінің перзенттік қарызын бір сәтке де есінен шығармауында.

«Төрінен қарт кетпесін» деп тілеген халықпыз. Жасы үлкенге құрмет ету, қарттың бүгілген беліне сүйеу болу- біздің ата дәстүріміз.

   Өзіңді өмірге келтірген, тіршілігіне нәр берген ата-ананың алдында адамның парыз міндеті өлшеусіз. Ананың ақ сүтін, әкенің адал еңбегін ақтау- өз болашағыңды сақтау.

Қарттарым сіздерге Алла саулық берсін!

Денсаулық ауыз-бірлік бола берсін!

Тап-таза абыройлы болғаныңды:

Қазіргі ел билеген жастар көрсін!

Н. Алимжанова,

 Абай Құнанбаев

атындағы СЖГТК

 қазақ тілі мен әдебиеті

пәндерінің оқытушысы,

Ж.Серикова,

БМ-9-23 тобының студенті