Бүгін: 23.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының жылдық жоспары аясында 26  қыркүйек күні Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының жанындағы республикалық ақпарат насихат тобының мүшесі Мәди Айдарханұлы Ахметов Қарағанды облысына  іссапармен келіп, Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледждің студенттерімен кездесті. 

Шара барысында Алматы қаласынан аттерлетіп келген ғалым, ұстаз Мәди Айдарханұлы жастармен өмірдің құндылықтары жайлы әңгімелесіп, ақиқат пен жалғанның, ақ пен қараның, жақсы мен жаманның айырмашылығын мысал келтіре отыра түсіндірді.  Адам баласы өмірге келгеннен кейін, ең бірінші міндеті –  бұл өмірді адам болып өмір сүру керектігі де айтылды. Діни ахуал жайлы да сөз қозғап, діннің негізгі пәлсапасын түсіндіре өтті.

Сауаптың ең үлкені – таза ниет. Жастарды сауапты істерге атсалысуға, жақсылық жасауға, адал еңбекпен күн көруге, қоғамға, қоршаған ортаға, отбасынан бастап туған-туыстарына қамқорлықпен, ізеттілікпен, мейіріммен қарауға шақырды.  Кездесуге жиналған қауымның барлығы болашақ ұстаз, оқытушылар болғандықтан олардың мамандықтарының маңыздылығы да әңгімеге арқау болды. Хазреті Әлидің: «Кім маған бір әріп үйретсе, соның құлы болуға бармын», – деген сөздеріне сүйене отырып, бір әріп болсын үйреткен адамға адам баласы алғыс білдіруі тиіс екендігін айтқан.  Үлгі ісімен ұлағатты бола білген ұстаздарға құрмет пен сыйластық көрсету керектігі де тілге тиек етілді. Ең соңында «Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын» деген ақ ниетпен бата берілді.

Сондай-ақ, кездесуді ашып түйіндеген ҚМДБ Қарағанды облысы Саран қалалық мешітінің бас имамы Нұржігіт Мұсабеков жастармен кездесіп, көрген-білгенімен, ойымен бөліскен Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының жанындағы республикалық ақпарат насихат тобының мүшесі Мәди Айдарханұлына  және Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешітінің ұстазы Думан Қамариденұлына ризашылығын жеткізді.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА