Бүгін: 23.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Елімізде қыркүйектің соңғы жексенбісінде Еңбек күні атап өтілді. Бүгінде жыл сайын кәсіптік техникалық білім берудің беделі артуда. Жастар жұмысшы мамандықтарына көбірек көңіл бөле бастаған.  Еңбек күніне орай Саран төрінде жаңа форматта бой алған дәстүрлі шара өтті.

Саран қаласында ҚР Еңбек күніне арналған  «Шебердің қолы ортақ» жұмысшы мамандықтарының аймақтық көңілді тапқырлар алаңы ойыны ұйымдастырылды.  Дәстүрлі түрде оған Қарағанды облысы бойынша колледж студенттері қатысқан. 

-              Жыл сайын біз бұл шараны фестиваль түрінде өткізетінбіз. Биыл өзгеріс енгізіп, бірінші рет колледждер арасында көңілді тапқырлар алаңын өткізіп көруді шештік, - деп атап өтті «Саран қаласының жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы Сәнді Ақанова.

Иә, шынымен, биыл бәрі ерекше болды. Әр колледждің дайындығы, өнері, қойған бағдарламасы өзгеше. Әрбірі әзіл-ысқақты пайдалана отырып, оқып жүрген мамандықтары жайлы көрермендерге жеткізуге тырысқан.  Бәрінен қуантатыны, жастардың сахнадан қорықпауы, мамандықтарының маңыздылығы мен пайдасын түсіндіре отырып, залда отырған жамағатқа еркін жеткізе білді. 

-              Біз Теміртау жоғары политехникалық колледждің атынан келіп тұрмыз. Бүгін бұл сахнаға бірінші рет шығамыз. Оған дейін Теміртау, Қарағанды, Павлодар қалаларында өнер көрсеткенбіз.  Саран қаласына да келіп, бағымызды сынап көруге бел будық.  Бүгін көбіне оқуға қатысты әзілдер айтатын боламыз, - деп қатысушылардың бірі – Теміртау жоғары политехникалық колледждің 3 курс студенті Руслан Куанышбаев сахнаға шығар алдында пікірін білдірді.

Қалалық мәдениет үйінің екінші қабатындағы фойесінде жұмысшы мамандықтарының стендтік көрмесі назарға ұсынылды. Онда әр колледж келушілерге өздерінің білім беру бағытымен таныстырып, арттықшылықтарымен бөлісе алған.

-              Қарағанды теміржол колледжі –  жалпы облыс бойынша ең беделді колледждердің бірі болып саналады. Себебі біздің колледжіміз тек қана теміржол мамандарын ғана  дайындайды.  Осыдан екі жыл бұрын «Жас маман» проектісі бойынша заманға сай жабдықтар алған болатынбыз. Жалпы бұл шараға келген себебіміз – кәсіби бағдар беру. Өзіміздің мамандығымызды таныстырамыз. Бірінші кезекте өзіміздің арнайы аппараттарымызды, балалар тек қана құлақпен ғана естімей, көзбен көріп, қолмен ұстап, істеп көргендерін қаладық. Сол себепті виртуалды тренажер, маникенді арнайы алып келген болатынбыз,  - деді Қарағанды теміржол колледжі директорының тәрбие ісі бойынша орынбасары Дастан Абдин.

Көңілді тапқырлар алаңында биыл жаз маусымында үш ай бойы тынбай қаланы көгалдандыруға, абаттандыруға аянбай күш салған  «Жасыл ел» еңбек жасағында жұмыс істеген 210 сарбаздың ішінен 21-і үздік деп танылып, арнайы алғыс хаттармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Ал мамандықтар әлемінде Теміртау жоғары политехникалық колледжі жүлделі 3-орынды, Саран техникалық колледжі 2-орынды, Қарағанды теміржол колледжі 1-орынды иеленді. Бәрінен суырылып шыққан үштікке смарт теледидарлар сыйлыққа ұсынылды. Қалған қатысушы топтарға алғыс хаттар мен құнды сыйлықтар табыс етілді.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА