Абай Құнанбайұлы:«Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады», – деп айтқандай, адам бойында адамгершілік пен мейірімділік қасиеттердің қалыптасуында, шығармашыққа, әлемді тануға деген ынтасын оятуда оны тәрбиелеген, білім нәрімен суындатқан ұстаздың еңбегі зор.
Оқушының тілін таба білу - үлкен өнер. Дұрыс білім беру жолында тек педагог болу аздық. Қазіргі заманда ұстаз – кей кезде ата-ана да, сырласа білетін құрбы да, жан дүниесін түсінетін психолог та болуы керек. Сол себепті мұғалімдер дамыл таппай жыл сайын білімдерін шындап, уақыттың тапшылығына қарамастан әрдайым ізденіс үстінде жүреді. Саран қаласында білім беру саласына еңбегін қосып жүрген құрметке лайық аяулы жандар көп. Әрбірі – ұлағатты. Алайда бүгін сәрсенбінің сәтті күнінде Егіндібұлақ ауданы, Арқалық ауылының тумасы, Қарағанды облысы білім басқармасының Саран қаласы білім бөлімінің Абай атындағы жалпы білім беретін мектепте физика пәнінің мұғалімі Толеуова Алмаш Арнешқызымен жақын танысып-білісудің сәті түсіп тұр.
Алмаш Арнешқызы өзін бала кезден мұғалім болатынын білген жан. Ньютон, Ом, Ампер, Архимед заңдарын шемішкідей шағып, ауырлық күші мен бүкіләлемдік тартылыс заңы, күшпен әрекет ететін қандай да бір физикалық шамаларға деген қызығушылық білім алған мектебінен бастау алып, бүгінге дейін қанатына қанат қосып, шабыттандырып келеді. Өзі айтпақшы: «Ұстаз болу – бала күнгі арманым болатын. Сол арманымды өмірде іске асыру үшін мектеп табалдырығынан алдыма мақсат қойдым. Мектептегі игі жақсы ұстаздарымның жақсы қасиеттерін бойыма жинай отырып, физика мамандығына академик Е.А.Бөкетов атындағы ҚарУ-ға оқуға түстім. Ойымдағы мақсатым жүзеге асып, ұстаздық жолдағы арманыма қанат қақтым. Ұстаздық қызмет ету – мен үшін өмірімнің ең алтын қазығы».
Алмаш Арнешқызы 2006 жылдан бастап Абай атындағы жалпы білім беретін мектепте қызмет етіп келеді. Биыл 31-інші алғашқы қоңырау сыңғырын естіп, оқушыларды тартылысқа толы физика әлемімен таныстыруда. Оны әріптестері еңбек жолында талай жетістіктерге жетіп, республикалық, облыстық, қалалық сайыстарға қатысып, мектептің абыройын көтеріп жүрген ізденімпаз ұстаз ретінде сыйлап, құрметтейді.
- Мен үшін ең ыстық марапат, алдымдағы шәкірттерімнің берген білімімді қабылдап, биіктерден көрінгені. Ұстаз – шәкіртімен бақытты. Одан кейін, ата-ананың алғысы, алдымдағы шәкірттерімнің бәйгеден оза шауып, олжалы болып жатса, міне, менің нағыз бақытым, - деп өз ойымен бөлісті ұлағатты жан.
Педагог-зерттеуші мұғалімнің әр күні жоспарланған. Мектепке кірген бетте үйдегі жұмыстарын ұмытып, оқушыларына бар зейінін бұрады. Өмірінің басы көпшілігі қара шаңыраққа айналып кеткен мектеп қабырғасында өтуде.
- Ұстаздың бір күні – керемет тарихи күн ғой. Уақыттың көбі аяулы шәкірттерге арналады. Сабақ беру, дәптер тексеру, қосымша жұмыстар жүргізу. Мектептің қоғамдық жұмыстарына араласу. Одан бөлек үй тірлігі, немереге қарайласу. Бәріне үлгеруге тырысамын. Ұстаз деген, өз уақытын аямау, өзгенің уақытын аялау, - дейді білікті жан.
Алмаш Арнешқызы – асыл ана, дидарынан нұр төгіліп тұрған мейірімді әже. Тұрмыс құрып, өмірге Айдана мен Ағнұр есімді айдай сұлу қыздарды дүниеге әкелген. Жолдасынан ерте айырылып, басқа түскен сынақтардан сынбаған. Қиын сәттерде осы екі қызы, қос қанаты қолдау білдіріп, қамқорлығын әрдайым көрсетіп келеді. Алты жиеніне де көңіл бөліп, бар білгенімен бөлісіп, оларды еркелетіп, майдайларынан иіскеп шаршағанын басады. Ұстаз ретінде де 2021 жылы республикалық ғылыми-әдістемелік журналы «Жарқын болашақ» 2022 жылдың ақпан айының №2 журналында «Тізбек бөлігі үшін ток күшінің кернеуге тәуелділігін зерттеу» атты мақаласы жарияланды. 2022 жылы Қарағанды облысы білім басқармасы «Саран қаласының білім бөлімі» ММ ұйымдастыруымен өткен математика, физика және информатика пәндері мұғалімдерінің арасында ашық республикалық шығармашылық байқауының қалалық кезеңінде жоғары білім мен үздік нәтиже көрсеткені үшін «Бас жүлде» дипломымен марапатталған. Халықаралық конкурстардан да қалыс қалмай, өзі де, шәкірттері де бақтарын сынап жүр.
- Ұстаз жолы – қызығы мен қиындығы қатар жүретін киелі мамандық. Ұстаздардың төл мерекесіне орай, әріптестеріме денсаулық, еңбектеріне толағай табыстар, жемісті де жеңісті жетістіктер тілеймін. Әр ұстаздың ерен еңбектері бағаланып, ұстаздықтың ең биік тұғырынан көрінсін. Білім нәрімен сусындатып жатқан әр шәкірттерінің жүрек түкпірінен орын алатын «Ұстаз» есімін арқалаған әріптестеріміздің есімдері алтын әріппен тарих бетінен орын алсын, - деп келе жатқан ұстаздар күнімен құттықтап, әріптестеріне деген ізгі тілегін білдірді.
Өз бойындағы асыл қасиеттері мен білімін болашақ ұрпақтың бақытына жарататын, жаңашылдықтың бастаушысы, жүрегі жылы, көңілі дархан ұстаздың шәкірттері Қазақстанның түпкір-түкпірінде жүр. Бірі – ұстаз, бірі – заңгер, бірі – мемлекеттік қызметте болса, енді бірі түрлі салаларды бағындырып келеді. Олардың әр жетістігі – ұстаздың қуанышы. Біз де өз кезегімізде білім беру саласына үзбей еңбегін қосып келе жатқан барша ұстаздарды келе жатқан кәсіби мерекесімен құттықтаймыз! Білімді, білікті шәкірттеріңіз көп болсын!
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА