27 қыркүйек күні Саран қаласы әкімінің орынбасары Сағынбек Бейскеев көп балалы ананы «Күміс алқа» алқасымен марапаттады.
Саран – өзі шағын қала болғанымен өзінің білікті мамандарымен, білімді жастарымен, шаңырақтың әрін, берекесін кіргізіп, бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетіп жүрген нәзік жанды аруларымен, абзал азаматтарымен мақтана алады. Таяуда қала әкімінің орынбасары Сағынбек Бейскеев алты баланың аяулы анасы Раушан Смаиловаға салтанатты түрде «Күміс алқа» алқасын табыстап, зор денсаулық пен мол бақыт, отбасына амандық тіледі.
Раушан Смаилова – Саран қаласының тұрғыны. Оның тұңғыш баласы 20 жаста болса, кенжесі 2-ден асты. Үлкен балалары Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжде оқып жүр. Ал ортаншы балалары Абай атындағы жалпы білім беретін мектепте білім алуда.
Тағы бір сүйінші хабарлардың бірі - Саран қаласының тұрғыны, көп балалы ана Кристина Саганович те «Күміс алқа» алқасына ие болды.
Түн ұйқысын төрт бөлген, әрдайым баласы үшін ең жақсыны таңдаған асыл аналарды марапаттарымен құттықтаймыз! Шаңырақтарыңыздан бақ-береке кетпейсін. Ел аман, жұрт тыныш болсын!
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА