Бүгін: 21.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

«Family food» - өзіне жайлы жер іздестіруде. Балмағанбетовтер жанұясының отбасылық бизнесі жылдан жылға дөңгеленіп, қытырлақ тауық қанаттары көптің сүйікті тағамына айналған. Әзірге олар тағамды тапсырыс берушінің есігіне дейін жеткізіп жүр. Алайда болашақта Саран қаласында отбасылық кафе ашуды көздеп отыр.

Қарқаралы ауданы Көктас ауылының тумасы Ерқанат  Балмағанбетов пен Шет ауданы Ақшоқы ауылының тумасы Айнұр Берікқызының шаңырақ көтергендеріне биыл – 13 жыл.  Жас отбасы Саран қаласына 2018 жылы көшіп келген. Ол кезде үйдің отағасы Қарағанды қаласында жұмыс істеп жүрсе, отанасы осында сушист болған. Алайда оларды ортақ арман алға қарай жетелеп тұрды.

-              Негізгі бұл кәсіпті ашу – менің жолдасымның бірінші арманы болған. Біз көшіп келген жылы Саран қаласында қытырлақ тауық қанаттарын жасайтын жер болмады. Сол себепті Қарағанды қаласынан тапсырысқа алып отыратынбыз. Содан кейін Алланың қалауымен төртінші сәбиіміз дүниеге келді.  Сол кезде инстаграмнан инфобизнес, кәсіп ашуға арналған тегін курстарға қатысып, іздене бастадым. Сонда Саран қаласының халықты жұмыспен қамту орталығында көп балалы отбасылар қайтарымсыз грантқа қатыса алатынын білдім, - деп кәсіптерінің ашылу тарихымен бөлісті Айнұр Берікқызы.

Иә, көз қорқақ болса, қол батыр болып келеді. 2022 жылы 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант конкурсына қатысуға бел буған Айнұр Берікқызы «нар тәуекел» деп қолыңдағы 3 айлық баламен емтиханды да тапсырады, «Сұраныстағы жартылай дайын тағамдар» атты бизнес-жоспарын да сәтті қорғап шығады.

-              Өзімнің мамандығым -  экономист, бухгалтер болғандықтын маған қатысу қатты қиындық соқпады. Жолдасымның, жанұямның қолдауымен бәрін жасап, өзім қорғап шықтым. Сөйтіп 1 млн теңгеден астам қайтарымсыз грантқа ие болдық, - дейді  Айнұр Берікқызы.

Отбасылық кәсіптің атауын «Family food» деп үйдің тұңғышы Аружан Ерқанатқызы қойған сәттен бері олардың тағамдары көптің жүрегінен орын тапты. Бүгінде зор танымалдылыққа ие, тұрақты тапсырыс берушілері де аз емес.

-              Бізде күніне 2-3 жаңадан клиент қосылып тұрады. Ас мәзірімізде тағамдар өте көп. Сеттерде бірнеше тағамдарды бір комбаға кіргізіп тиімді бағада сатамыз. Бір тапсырысты дайындауға шамамен 25-30 минут кетеді. Әр тағамды өзімізге дайындағандай әзірлейміз. Біз әр затына мән беруге тырысамыз. Тіпті қағаз пакеттеріне арнайы крафт пакеттерін қолданамыз. Онда тамақ суымай, суланбайды. Дайын болған тапсырысты жолдасым өзі жеткізеді, - деп атап өтті көп балалы ана.

Оларға күніне он бестен артық тапсырыс түсіп жатады. Осы уақыт аралығында қызыққа толы түрлі жағдаяттар бастарынан өткен. Олардың арасында жүректі тебірентетін, дидарға езу ұялататын сәттер де баршылық.

-              Бізге басқа мемлекетте оқып жүрген жігіт сүйіктісіне тосын-сый жасау мақсатында «2ГИС» қосымшасы арқылы  тапсырыс жасаған. Біз арнайы хатын толтырып, өз тарапымыздан кішігірім көмектескеніміз бар. Тағы бір түскен ерекше тапсырыс, қызы мен күйеу баласы біз арқылы ата-анасына тосын-сый жасаған. Негізі, қызық оқиғаларымыз көп. Клиенттеріміздің қалауынша безендіріп, барынша көңілден шығатындай етіп дайындап беруге әрдайым әзірміз. Көптеген тапсырыс берушілеріміз кафе ашқанымызды сұрап жүр. Бұл орайда біз де ойлап жүрміз. Саран қаласында кәсіп ашқысы келетін адамдарға жерді жалға немесе сатып алуға беретін болса, ондай ұсыныстарды қарастыратын боламыз. Алайда көңілден шығатындай жер таппағандықтан, әзірге кафе ашуға мүмкіндік болмай тұр ,- дейді Айнұр Берікқызы.

2023 жылы отбасылық кәсіпте зейнеткерлік жасқа дейінгі жұмыссыз адамдар үшін арнайы әзірленген «Күміс жас» жобасы арқылы көмекші ретінде бір адам жұмыс істеген. Қазіргі уақытта ол зейнет жаста. Сол себепті алдағы уақытта Саран қаласының халықты жұмыспен қамту орталығына жүгініп, адам алуды ойлап жүр кәсіп иелері. Бүгінгі таңда дайындаған өнімдерімен танымал Айнұр Берікқызы фастфуд желісінен бөлек дәмі тіл үйіретін түрлі тәттілер мен тоқаштардан бастап шай үстеліне дейін қолжетімді бағамен мерекелік іс-шараларға да тапсырыс қабылдайды.

Көпке еңбегімен үлгі, айрандай ұйыған отбасы үшін бірге өткізген әр сәт, әр күн бағалы. Отбасылық бизнестен бөлек, ең бастысы, ата-баба мұратын жалғастыратын 3 атқа мінері мен аяулы кесте тігеріне жақсы тәлім-тәрбие мен білім беру – бірінші орында. Осы кәсіпті ашуға да бірде де бір себепкер болған – балалары болса, қазір де алға қарай жетелеп, дамуға етермелеп, ынталандыратын да олардың болашағы.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА