Саран қаласында нәзік жанды арулар арасында қалалық байқау өтті. Қатысушылар өз қолдарымен жасаған күзгі киім үлгісімен сахнаны жандандыра түсті. Көрермендер де оларға жылы қошеметін білдіріп, қолдауын аямады.
17 қазан күні қалалық мәдениет үйінде Саран жастар ресурстық орталығы мен «Балаға мейірімді қала» ҮЕҰ ұйымдастыруымен «Күз хайшайымы» байқауы өтті. Оған инабатты да ибалы деген, тұла бойы талантқа толы алты ару қатысып, өз өнерін ортаға салған.
- Бұл байқаудың басты мақсаты – жастар арасында эстетикалық және адамгершілік құндылықтарды тәрбиелеу, салауатты өмір салтын насихаттау, жасөспірімдер мен жастардың шығармашылық және жеке әлеуетін дамытуға жағдай жасау, - дейді «Саран қаласының жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы Сәнді Ақанова.
Сол күні әділ шешім шығарып, қатысушылардың өнерін «Эко күз», «Визитка» және «Күзгі фантазия» кезеңдері бойынша бағалаған қазылар алқасы үшін де сұлулардың ішінен сұлуды анықтау қиындыққа соққан. Себебі әр ару «Күз ханшайымы» болу үшін аянбай тер тегіп, қолөнер шеберлігінен де, аспаздық өнерден де бір-бірінен қалыс қалмаған.
- Барлықтарыңыз мықтысыздар! Нәтиже шығару барысында көп талқы болды. Өйткені бір мықтыны табу – бізге қиынға соқты. Осылай биіктерден көрініп, белсенді болып, оқуларыңызды жақсы оқып, болашақта үлкен маман болуларыңызға тілектеспіз, - деді қалалық тілдерді дамыту орталығының директоры Альбина Нурмаханова.
Көбі асыға күткен байқаудың нәтижесінде №16 жалпы білім беретін мектептің оқушысы Александра Феропонтова «Мисс Креативность» номинациясымен, Абай атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледждің студенттері: Болат Шакира «Мисс Улыбка», Жармен Айым «Мисс Грация», Аткеева Анель «Мисс инстаграм» номинациясымен, Саран техникалық колледждің студенті Әшірали Ділназ «Мисс Вдохновение» номинациясымен марапатталды. Ал өнерімен ерекшелене түскен Абай атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледждің студенті Адильбекова Сабина «Күз ханшайымы» номинациясына ие болды.
- Жастарға тілерім, әр уақытта дос-құрбыларының алды болып, оқуда озат болып, еңбекте жемісті болып, қайда жүрсе де ылғи бақытты болып, осындай жарыстан-жарысқа, жеңістен-жеңіске жете беріңдер деймін, - деп шөбересіне жанкүйер болған «Күз ханшайымы» атанған Адильбекова Сабинаның 83 жастағы атасы Мұрат Қасимов ақ батасын берді.
Барлық арулар «Балаға мейірімді қала» ҮЕҰ және «Саран қаласының жастар ресурстық орталығы» КММ алғыс хаттарымен және естелік сыйлықтарымен марапатталды.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА