Қазақта "атамекен" депті, "анамекен" демепті. "Атажұрт" депті, "анажұрт" демепті. "Атакәсіп" депті, "анакәсіп" демепті. "Атақоныс" депті, "анақоныс "демепті. "Ата дәстүр" депті, "ана дәстүр" демепті. "Ата жолы" депті, "ана жолы" демепті. Бірақ, дәл тілге келгенде "ата тілі" демепті, "ана тілі" депті!
Араб тілі басты тіл, парсы тілі тәтті тіл, түріктің тілі өнерлі тіл, шұрайлы тіл, құнарлы тіл. Сол түрік тілінің ішіндегі ең таза сақталғаны, ең шұрайлысы, ең құндысы – қазақ тілі, біздің ана тіліміз!
Қазақтың байтақ даласында тұлпар шапса тұяғы мұқалатын, сұңқар ұшса қанаты талатын, сол байтақ даланың қай бұрышына барсақ та қазақша сөйлей аламыз, бір-бірімізді ұғып, түсіне аламыз. Қазақ халқы сөзге тоқтаған халық, сөздің қасиетін, қадірін жете түсінген халық.
Қазақ тілінің қазіргі қадірі де, болашақ тағдыры да – анаға, әйелге, қыздарға, сіңілілерімізге байланып тұр. Қазақ білместіктен теліген жоқ. Әр баланың тілі анаға еліктеп шығады. Тілді балалар ананың әлдиінен, бесік жырынан, қоршаған ортасынан еліктеу арқылы үйренеді. Сондықтан әркім өзінің ана тіліне деген құрметін ешқашан жоғалтпауы тиіс. Мемлекетіміздің тілі қазақ тілі болғандықтан, өзіміз таза сөйлеп, өзгеге үлгі бола білейік!
Ж. Джумашева,
Саран қаласының полиция бөлімі