«Білімді болу үшін оқу керек.
Бай болуға кәсіп керек.
Ал күшті болуға бірлік керек.»
Ахмет Байтұрсынұлы
Елімізде жұмысшы мамандықтарға сұраныс артуда. Саран техникалық колледжі осы тұрғыда аянып қалмай жұмысшы кадрларды дайындайын оқу орны ретінде жастардың қызығушылығын оятып, жылдан-жылға зор беделге ие. Түлеп ұшқан түлектері де бір-бір істің басы-қасында жүрген, өз ісінің шеберлері.
Қазіргі таңда жан-жақты дамыған, өз мамандығын жетік меңгерген білікті жандар бағалы. Бүгінде қай мамандықты алсақ та техниканың тілін түсінетін жақсы мамандар ауадай қажет. Оларға деген сұраныс күннен-күнге артуда. Осы тұрғыда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіптік білім беру саласының мән-маңыздылығын айта отырып, Қазақстан халқына арналған Жолдауында «2025 жылды - Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады.
«Кәсіптік білім беру саласына реформа жасау – айрықша өзекті мәселе. Бұл – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам. Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз»,- деп атап өтті ҚР Президенті.
Сапалы білім – қарқынды дамудың кепілі. Саран қаласында өзінің абыройымен, дарынды, қабілетті түлектерге бай Саран техникалық колледжінің алар орны айрықша. Биыл Кеңес Одағынан бері келе жатқан іргелі білім ордасына – 75 жыл. Бұл тек сандардан құралған көрсеткіш қана емес, бұл сан жылдар бойы жинақталған тәжірибе, бұл тұнып тұрған тарих. Себебі техникалық және кәсіптік білім беретін, мамандар даярлайтын бірден-бір оқу орны үшін бүгінгі дәрежеге жету жолы оңайға соқпады. Оның артында қажырлы еңбектің үлкен жемісі тұр.
Саран техникалық колледжінің қалыптасу тарихына үңілсек, Саранда жұмысшы кадрларды дайындау курстары 1947 жылдан жүргізіле бастады. 1949 жылдың 11 қарашасында Қарағанды облысының кәсіптік-техникалық білім басқармасының бұйрығына сәйкес №40 (ГПШ №40) тау-кен өнеркәсіптік мектебінің негізі қаланды. Ол уақытта білім ордасы 1958 жылға дейін Қарағанды облысының еңбек резервтері басқармасының құзырында болып, 1959 жылдан №40 арнайы өнеркәсіптік училище ретінде қайта құрылады да, Қарағанды кәсіптік-техникалық басқармасының құзырына өтті. Ал 1964 жылы қазан айында №61 ҚКТУ (ГПТУ №61), 1980 жылдың тамыз айында №52 техникалық училище (ТУ-52), 1996 жылы №4 Кәсіптік-техникалық мектеп (ПТШ №4), 2002 жылы №4 Кәсіптік мектеп (ПШ №4) деп аталды. Уақыт өте келе №4 Кәсіптік лицей болып өзгеріп, ал ТжКБ жүйесінің жаңғыруынан кейін «Саран техникалық колледжі» КММ деген атау алды. 2024 жылдан директор А.М.Жумадильдиннің басшылығымен «Саран техникалық колледжі» КМҚК болып жаңа басқару нысанына өтті.
- Колледждің атауы өзгергенімен ол жұмысшы кадрлар дайындайтын оқу орны болып қала берді. Тек VI –VII кеңестік бесжылдықтарда училище «Қарағандыкөмір» бірлестігі үшін 8197 білікті мамандар дайындап шығарды. Саран қаласында, облыста жаңа өндіріс орындарының пайда болуы жұмысшы кадрларға қажеттілікті арттыруда. Кәсіпорын мен колледж бір-біріне қызығушылық танытады. Жыл сайын колледждің әлеуметтік серіктестерінің құрамы өсіп келеді. Мысалы: «Qarmet» АҚ, «QazTehna», «KamaTyres», «SilkRoadElectronics», «СКЭП», «Galex Plus», «Arosgroup», «ККК Бетон», «Оптимальный» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, сондай-ақ, «Борусан Макина Казахстан» ЖШС ЖК, «Автоград» ТҚКС, «Имидж» мейрамханасы, «Саран» кафесі, «ИП Шу» және басқалары. Сонымен қатар, колледж мемлекеттік мақсатты тапсырыс бойынша «QazTehna», «Galex Plus», «Arosgroup» серіктестіктері үшін мамандар дайындайды. Дуальдық оқытумен студенттердің 30% қамтылған. Тағы атап өтетін бір жайт, колледжде «Инклюзивті білім беру» жобасын жүзеге асыру үшін барлық жағдай жасалған. Жобаны жүзеге асыру аясында колледж №9 облыстық мектеп-интернатымен ынтымақтасуда, - деді Саран техникалық колледжі директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айдана Битуова.
Бүгінгі таңда Саран техникалық колледжі автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану, дәнекерлеу ісі, тамақтандыруды ұйымдастыру, электрмеханикалық жабдықтарға техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану, тігін өндірісі және киім үлгілеу, слесірлік іс мамандықтары бойынша кадрлар дайындайды. Білім алушыларды жан-жақты ашу мақсатында түрлі конкурстарды ұйымдастырып, бос уақыттарын тиімді өткізулеріне бар жағдай жасап отыр. Олардың студенттері «World Skills» облыстық чемпионатының, республикалық, облыстық байқаулардың жүлдегерлері.
- Биыл біздің оқу орнымыз 75 жылдық мерейтойын тойлайды. Колледж өзінің қалыптасу, даму жылдарында ондаған мың сұранысқа ие білікті мамандар оқытып шығарды, сондықтан оны «Жұмысшылар ұстаханасы» деп мақтанышпен атауға болады. Колледж қызметкерлері мен ардагерлері үшін ол өз үйіндей болып кетті. Саран техникалық колледжінің шығармашылық ұжымын 75 жылдық мерейтоймен құттықтап, жас мамандарды оқыту мен тәрбиелеуде өркендей беруді, мол табыстарға қол жеткізуді тілейміз, - деді Айдана Битуова.
Осы уақыт аралығында колледжді басқарған әр басшының оқу орнының дамуына қосқан еңбегі өлшеусіз. Техникалық кәсіпке бір табан жақындап, терең білім алған жастардың өзі білім ордасына деген ризашылығын жеткізіп, тіпті, сол оқу орнына педагог ретінде қайта оралғандар да бар. Сондай жандардың бірі – Ирина Астахова.
- Мен Саран техникалық колледжін 2003 жылы тәмамдап, 2009 жылы білім ордасына жұмысқа тұрдым. Қазір тамақтануды ұйымдастыру бойынша өндірістік оқыту шеберімін. Бұл мамандықты таңдауымның бірде-бір себебі - бала кезімнен аспаз болуды армандадым. Алайда ешқашан мұғалім боламын деп ойламадым. Бірақ аспаз болғым келді. Көзді ашып-жұмғанша, міне, жұмыс істеп жүргеніме 15 жыл да өте шықты,-деп атап өтті Ирина Астахова.
Бір қуантатыны, бүгінде Саран техникалық колледждің түлектері әр түрлі салада өзін көріп, елдің дамуына сүбелі үлесін қосуда. Көбісі алысқа бармай Қарағанды облысын бағындырып келеді. Тіпті, үздіктердің арасынан көрініп, білім орданың абыройын асқақтатуда. Мәселен, колледжді «Жерасты электрслесарі» мамандығын қызыл дипломмен аяқтаған Руслан Гумаров биыл Астана қаласында өткен «JAS KEÑES SYILYĞY» байқауының «Önerkäsıp» номинациясында жеңіске жеткен. Жас маманның айтуы бойынша, кезінде алған теориялық білімі бүгінде іс жүзінде өзінің жемісін беруде.
- Менің әкем электромонтер. Сол себепті бала кезімнен электрлік жағына қызығушылығым бар. Саран техникалық колледжі жайлы кездейсоқ білдім. Таңдауым «Жерасты электрслесарі» мамандығы болды. Оқуымды аяқтай сала келесі күні көмір департаментіне бардым. Бір айдан кейін жұмысқа шақырту түсіп, сөйтіп, «Казахстанская» шахтасында еңбек жолымды бастап кеттім. Үш жыл электр цехында жерасты электр слесарі болып жұмыс істедім. Кейін Qarmet көмір басқармасының «Углесервис» кәсіпорнының «Энергоуголь» өндірістік басқармасына ауыстым, қазір сол жерде жұмыс істеп келемін. Техникалық мамандықтар қазір үлкен сұранысқа ие. Олардың артында болашақ бар. Себебі қазір барлық жерде автоматтандыру жүріп жатыр. Барлық жерге білікті мамандар қажет, - дейді Руслан Гумаров.
«Түйір нан – тамшы тер» демекші, жақсы маман иесі болу үшін көп ізденіс, оқу, білім алу, ең бастысы мамандығына деген сүйіспеншілік қажет. Сол себепті колледжде оқу-өндірістік жұмысымен қатар жүретін жастардың тәрбиесінде патриоттық сезімдері мен адамгершілік қасиеттерін дамытуға, жеке тұлға болып қалыптасуына аса көңіл бөлінген. Алдағы уақытта да студенттердің қызығушылықтарын ояту мақсатында колледждің оқу материалдық базасын жаңғырту, бәсекеге қабілетті мамандар даярлау, жаңа мамандықтар ашу, оқытушылар мен шеберлердің білімін жетілдіру, оқу өндірістік, шаруашылық базасын дамыту бағытында тың жұмыстар атқарылатын болады.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА