Таяуда Саран қаласының мәдениет үйінде жазушы, қоғам қайраткері Жан Мухарапұлы Ақжановтың елден ерек «Қазақстанды сүю» атты республикалық фото-көрмесі өтті.
Фото-көрменің мақсаты - республикалық маңызы бар тарихи орындарды, мәдени құндылықтарды жастарға жеткізу. Бүгінде жазушының қоржынында 50-ге тарта фото-сурет бар. Шағын қалаларды және аудан орталықтарын дамытуға негізделген жоба аясында биыл Қазақстанға қарасты барлық облыстарды қамту жоспарлануда. Осы бағытта дүйім жұртты тарихи жерлермен қоса атадан-балаға мұра болып келе жатқан сәулет өнерінің көрнекті туындыларымен таныстыру ойда бар.
- Республикалық фото-көрмеммен таныстыруды бірінші болып Қарағанды облысынан бастадым. Осы күнге дейін Қарағанды, Теміртау, Абай, Саран қалаларында және Нұра, Осакаров аудандарында болдым. Картиналарды Қазақстанның түкпір-түкпірінен 4 жыл бойы жинадым,-деп атап өтті Жан Ақжанов.
Фото-көрмеден автоөнеркәсіптен бастап, дала ақшасына дейін, Ботай мәдениетінде, Қожа Ахмет Ясауи, Айша бибі, Қарахан кесенелерінде бейнеленген жарқын сәттерді, Қызылорда облысы Қармақшы ауданының аумағында орналасқан Байқоңыр ғарыш алаңы мен Қазақстандағы бірінші, Орта Азиядағы екінші (Ташкенттен кейінгі) болып ашылған Алматы метрополитенін, Орал қаласында кеме жасайтын жалғыз зауытты да көруге болады. Ерекше кадрлардың иесіне әрбір туынды ыстық.
Қоғам қайраткерінің айтуы бойынша, әр суреттің өзіндік маңызы бар. Тіпті, алыс сапарларға шығып, 200-300 км жол жүруге тура келеді. Мәселен, «Бекет ата» мешітін түсіруге Маңғыстауға, «Қорқыт ата» ескерткішін бейнелеуге Қызылордаға сапар шеккен.
Сонымен қатар, көркем әдебиет пен рухани-мәдени даналықты насихаттап жүрген қазақстандық жазушы Жан Ақжанов Саран қаласында тек көрме ғана ұйымдастырмай, сондай-ақ, қала тұрғындарымен, жастарымен, ұстаздарымен кездесіп, «Путь врача», «На госслужбе», «Аудит счастья», «Степь и судьба», «Медсестра», «Солнце улыбнется тебе ночью» атты авторлық кітаптарын таныстырды. Құнды мағлұмат бере отырып, тәжірибесімен бөлісті.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА