Бүгін: 21.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

30 қазан күні Саран қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының ұйымдастыруымен Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің қабырғасында  ұстаздар мен ата-аналардың қатысуымен вакцинацияның маңыздылығы төңірегінде, соның ішінде адам папиллома вирусына қарсы вакцинациясы жөнінде дөңгелек үстел өтті.

Оған қоғамдық процестерді зерделеу және талдау орталығының атқарушы директоры, Қарағанды облысы Дін істері басқармасының облыстық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, заңгер-дінтанушы, «Жастар ресурстық орталығы» КММ теологы Серік Тілекбаев, «Саран қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы» РММ эпидемиологиялық бақылау және қадағалау бөлімінің басшысы Асем Хасенова, «Саран қаласының  ауруханасы» ШЖҚ КМК-ның профилактикалық және әлеуметтік-психологиялық көмек көрсету бөлімінің меңгерушісі Анастасия Батрынча, қалалық мешіттің бас имамы Нұржігіт Мұсабеков пен Аналар кеңесінің төрағасы Гүлжан Жүсіпбекова қатысты.

Қазақстанда қыздарды жатыр мойны обырының негізгі қоздырғышы – адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцинациялау басталынып кетті.  Бұл тақырып аясында әлеуметтік желіде түрлі нұсқалар, ақпараттар таралып ел назарында жүр. Сол себепті жалған мәліметтерге көзсіз еріп кетпеу үшін «Саран қаласының  ауруханасы» ШЖҚ КМК-ның профилактикалық және әлеуметтік-психологиялық көмек көрсету бөлімінің меңгерушісі Анастасия Батрынча арнайы дөңгелек үстелге келіп, жалпы адам баласына салынатын екпелердің мән-маңыздылығына тоқталды. Соның ішінде АПВ вакцинасына ерекше назар аудартты. Бұл екпе 11 жастағы  қыздардан бастап егіледі. Алты айлық аралықпен 2 рет беріледі. Вакцинация әлбетте ата-аналардың немесе баланың қамқоршысының келісімімен ғана жүргізіледі. Ақ халатты абзал жанның айтуы бойынша, АПВ екпесі ауруханада тек дәрігерлердің тікелей қарауында салынады.

Шараға қатысқан қалалық аналар кеңесінің төрағасы Гүлжан Жүсіпбекова да осы орайда әрбір ата-ана көзінің қарашығындай сақтап отырған балаларының денсаулығына, болашағына алаңдайтынын тілге тиек етіп, уақытылы екпе алуларына бей-жай қарамауға шақырды. 

Қозғалған тақырып өзекті болғандықтан қатысушылар тарапынан да сұрақтар туындады. Кездесу барысында мамандарға көкейінде жүрген сауалдарын қойып, тұшымды жауаптар  алды.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА