Қалалық балалар өнер мектебі талантты да талапты жастардың жұлдызын жағып үлкен белестерді бағындырып келеді. Түлектеріне өнер әлеміне кең қанат жайып, өз қолтаңбасын қалдыруына зор мүмкіндік беруде. Биыл Саран қаласының 70 жылдық мерейтойымен қоса ауыз толтырып айтарлықтай жемісті жетістіктері жетерлік өнер ордасы да өзінің 65 жылдық мерейтойын атап өтпек.
Өнері өрісі, келбеті келісті Саран қаласында орналасқан балалар өнер мектебінің мәдениеті сан қырлы. Талай таланттардың томағасын сыпырып, өнер көгіне қалықтатқан қаланың майталман шәкірттері бүгінде елдің еркесіне, сахна серкесіне айналған. Қасиетті де қадірлі жолда 65 жыл ішінде білімді, өнерлі жастарды шыңдап шығарған өнер мектебін «Таланттардың ұстаханасы» десек те қателеспейміз. Оның қалыптасу тарихы мен іргесінің бой көтерілуінде де маңдай тер мен қажырлы еңбек жатыр.
Қалалық балалар өнер мектебінің тарихы сонау 1959 жылдан бастау алады. Ол кезде мектепте өзінің жеке ғимараты жоқ. Ленин даңғылындағы №11 тұрғын үйдің бірінші қабатында 4 кабинет қана болған. Оның қабырғасында 75 бала өнерге жақындап, баян, аккордеон, фортепиано, домбыра, скрипка сыныптары бойынша білім алды. Мектептің алғашқы оқытушылары: Климчинский Николай Иванович, Похлёбин Михаил Иванович, Федюнин Сергей Фёдорович, Абдрахманов Мусип Абдрахманович, Демиденко Лидия Ивановна, Кепп Виктор Евгеньевич талантты жастардың тәрбиелеп шығаруға аянбай күш салған. Оларға бағыт-бағдар беріп, ең алғашқы мектеп директоры болып Климчинский Николай Иванович тағайындалған. Жылдан жылға өнер орданың материалдық базасы, педагогикалық құрамы, тәрбиеленушілердің саны ұлғайды. Бұрынғы 4 кабинет тар бола бастағандықтан оқу орнының келесі орналасқан орны - Ленин даңғылындағы №7 тұрғын үйдің қанаты еді. Сол кезде мектепті басқарған Эдуард Эдуардович Шмидт қала мен облыс билігіне жеке ғимарат беру туралы өтініш жасайды. 1966 жылы ғана қазіргі орналасқан жері Жеңіс көшесі 72 (бұрынғы Жданов) мекенжайына көшкен.
Уақыт ағымымен талай күрделі жөндеу жұмыстарды жүргізілді, іші мен сырты түрлене бастады. Оқушылар мен мұғалімдердің бірнеше буыны өзгерді. 1959 жылдан 1996 жылға дейін мектепті Климчинский Николай Иванович, Шмидт Эдуард Эдуардович, Жернаков Юрий Иннокентьевич, Хайруллин Мурат Касымович, Василенко Александра Ивановна, Винс Геннадий Николаевич, Боде Андрей Романович, Гусева Алла Васильевна басқарды. Әрбірінің қосқан еңбегі, атқарған жұмысы өлшеусіз, алар орны бөлек. Сол жылдардың өзінде музыка мектебі қала тұрғындары арасында үлкен сұраныста болған. Алайда мектепте барлық тілек білдірушілерді қабылдауға мүмкіндік болмады. Сондықтан бірінші сынып оқушыларын қабылдау тікелей конкурстық негізде жүргізілген. 1975 жылы мектептен түлеп ұшқан өздерінің шәкірттері: Синкевич Любовь Иосифовна, Кожухова Гульбаршин Алтынбековна, Анищук Полина Васильевна, Крохмаль Светлана Максимовна, Еркебаева Светлана Ефремовна, Оппиц Евгения Арнольдовна жас маман болып келіп, өнер ордасына жаңа леп сыйлайды.
1994 жылдың желтоқсанынан бастап Балалар музыка мектебі «№3 Балалар өнер мектебі» болып өзгертілді. Ал 1996 жылдан бастап оны мектеп түлегі – Кожухова Зәуреш Алтынбекқызы басқарды. Тоқсаныншы жылдарды жаппай дағдарыс, экономиканың құлдырауы байқалған кез. Сол кезде мектеп ұжымы біріге, барлық қиындықтарға қасқая тұра білді. Оның жемісі де байқалды. 2000 жылдардан бастап көркемдік және хореографиялық жаңа бөлімдер ашылды. 2004 жылы мектеп өз қаражаты есебінен осы бөлімдер орналасқан жаңа ғимаратты сатып алды. 2018 жылдың 6 қарашасында оңтайландыру нәтижесінде Саран қаласының екі өнер мектебі (№1 және №3) бір ұйымға - Балалар өнер мектебіне біріктірілді. 2022 жылдың сәуір айынан бастап осы күнге дейін мектепті Мусалиева Толқын Сүйіндікқызы басқарып келеді.
- Биыл қыркүйек айынан бастап мектеп қабырғасында өткізіліп жатқан іс-шараларымыз Саран қаласының 70 жылдығы мен мектептің 65 жылдық мерейтойларына орай ұйымдастырылуда. Бүгінде өнер ордасында 1100-ден астам бала тәлім алады. 65 жылдық тарихы бар өнер ұжымы - ұлтымыздың асыл мұрасы, рухани жәдігері, дәстүрлі өнерді насихаттап, үлкен белестерді бағындырған талантты шәкірттерге толы. Республикалық және халықаралық байқауларда топ жарып жүрген оқушыларымыз бен жастарымыз да жетерлік. Біз әрбірін мақтан тұтамыз, - деді қалалық балалар өнер мектебінің директоры Толкын Сүйіндікқызы.
Бүгінде мектепте 4 бөлім жұмыс істейді: музыкалық, көркем-өнер, хореографиялық және театрлық. Музыка бөлімінде балалар фортепиано, скрипка, виолончель, кларнет, саксофон, труба, флейта, домбыра, қобыз, баян, аккордеон, гитара, вокал, эстрадамен жақын танысса, хореографиялық бағытта тек әдемі билеуді ғана үйренбей, классикалық, халықтық-сахналық, тарихи-тұрмыстық және заманауи билерді зерттейді, қазақстандық және шетелдік хореографиямен танысады.
Ал бейнелеу өнері сабақтарында сурет салу, кескіндеме, мүсін және сәндік-қолданбалы композицияның әртүрлі түрлері мен әдістерін, сондай – ақ өнер тарихын зерттейді. 2021 жылы ашылған театр бөлімінде актерлік шеберлік негіздеріне, сахналық қозғалыс, сөйлеу мен мәдениетіне ерекше зер салынған.
- Актер шеберлігі мамандығы бойынша біз көбіне балалардың ораторлық өнеріне, тіл тазалығына аса мән береміз. Бұл мамандық қазіргі заманда керек деп ойлаймын. Сонымен қатар, Саран қаласының балалар өнер мектебінің әрі қарай да өсіп, жақсы шәкірттердің шығуына тілектеспін. Барлық ұжымға шығармашылық табыс тілеймін, - деді театр бөлімінің оқытушысы, әрі директордық тәрбие ісі жөніндегі орынбасарының м.а. Айжан Сағындық.
Жыл сайын мектеп тәрбиеленушілері қалалық, өңірлік, облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі конкурстар мен фестивальдерге қатысады. Тек оқушылар ғана емес, сондай-ақ, оқытушылар да жоғары жетістіктерге қол жеткізіп, шығармашылық қабілеттерін дамытуда.
- Мен өнер мектебіне жас маман болып келдім. Мені сонда мектеп ұжымы өте жылы қабылдап, қолдауын көрсетті. Кейін екі мектепті қосқанда біздің ұжым үлкейіп, өнімді жұмыс істей бастадық. Әр оқытушы әр баланың бойындағы қабілетін ашуға талпынады. Біздің оқытушыларымыз өте дарынды. Өнер жолын таңдаған шәкірттеріміз де жоғары оқу орнына сәтті түсіп, үлкен жетістіктерге жетіп жатыр. Оны естіп біз әрине қуанамыз. Себебі біздің жұмысымыз тікелей балалармен байланысты болғандықтан, оларға зор үміт артамыз. Олардың жеңісі – бұл біздің де жеңісіміз, - деді көркемөнер бөлімінің оқытушысы Валентина Филатова.
Балалар өнер мектебі түрлі деңгейдегі конкурстарға қатысумен қатар, облыстық маңызы бар бірқатар конкурстардың ұйымдастырушысы болып табылады. Ұлттық мәдени құндылықтарды дәріптеу мақсатында Саран қаласының балалар өнер мектебі «Сарыарқа дарыны» аймақтық балаларға арналған қосымша білім беру ғылыми-практикалық орталығымен және Саран қаласының білім бөлімімен бірлесіп «Биші қайың» облыстық хореографиялық фестиваль-конкурсының, «Ән жайлауым-Сарыарқа» облыстық дәстүрлі ән айту фестиваль – конкурсының және «Күй-тәңірдің күбірі» атты облыстық байқауының ұйымдастырушылары. Одан бөлек «Шабыт шаттығы», «Асыл мұра», «Әдістемелік вернисаж» сынды облыстық байқаулардан да қалыс қалмаған.
- Саран қаласының балалар өнер мектебінде жұмыс істеп жүргеніме, міне, 14 жылға аяқ басып келе жатыр. Мен Саран қаласына келген кезде ең алғаш «Қазақ би» сыныбын аштық. Қазіргі уақытта біздің хореография бөлімінде өзімді қоса санағанда Темірбек Мөлдіржан, Попова Марианна Владимировна, яғни, 3 хореограф жұмыс істейді. Балалар өнер мектебінде жұмыс істеп жүрген барлық әріптестерімді 65 жылдықпен құттықтай отырып, отбасыларына бақыт, шығармашылық табыс тілеймін. Әрқашанда биік жетістіктерге жете берейік, - деді педагог-хореограф, магистр, педагог-сарапшы санатты ұстаз Асылбек Санарханұлы.
Өнер ордасын осы уақыт аралығында 2500-ге жуық оқушы бітірген. Олардың көптеген түлектері бүкіл Қазақстан бойынша, сондай-ақ жақын және алыс шетелдерде жұмыс істейтін кәсіби музыканттар, өнер майталмандары. Бүгінде өнер оқу ордасында 70-ке жуық оқытушы жұмыс істеп келеді. Әр педагог үшін балалар өнер мектебі өте ыстық, ерекше. Мерейтой сәтінде әрбірі ізгі тілегін білдіріп, жылы лебізін жолдап жатыр.
- Саран қаласының балалар өнер мектебінің ардагерлерін, оқытушыларын, қызметкерлері мен оқушыларын мектебіміздің 65 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын! Біздің ұжымның оқытушыларына кәсіби шеберлік, педагогикалық еңбек, шыдамдылық пен ынта, ал біздің мектептің оқушыларына оқудағы жетістіктер мен бақытты шығармашылық жол тілеймін, - деп тілегін білдірді балалар өнер мектебінде көркемөнер бөлімінің меңгерушісі Фархат Баймагулов.
- Балалар өнер мектебіне келгеніме шын жүректен қуанамын. Мен осында өзімді таптым десем де болады. Сүйікті жұмысым болғандықтан осы жерден нәр аламын, қуаттанамын. Мерейлі мерейтойда әріптестеріме зор денсаулық пен қажырлы күш-қайрат, шығармашылық ізденіс тілеймін, - деді балалар өнер мектебінде бейнелеу өнері сыныбының оқытушы Светлана Солодкова.
- Балалар өнер мектебінде 20 жыл болды жұмыс істеп келемін. Мектептің 65 жылдығына орай әріптестеріме ең бастысы – мықты денсаулық, шығармашылық жеңістер тілейміз. Аспанымыз ашық болсын,- деді балалар өнер мектебінің оқытушысы Светлана Бейсекеева
- Мектебіміз өркендеп, гүлдене берсін. Біздің мектеп үлкен дәрежеге жетті. Біздің балалар мен оқытушыларымыз халықаралық конкурстарға қатысып, жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Бізден түлеп ұшқан түлектер де біз берген білімді жалғастырып, кәсіби музыкант атануларына тілектеспіз, - деді фортепиано сыныбы бойынша оқытушы және кәсіподақ комитетінің төрағасы Татьяна Шулейко.
Жас дарындарға сара жол көрсетіп, талабын ұштайтын ұя бүгінде аяққа нық тұрған өнер ордасы ретінде алдағы жоспарларын да жүйелеген. Рухани жаңғыру бағытында төл өнерді насихаттап, қазақ сахнасында жаңа есімдерді танытуға еңбек етуден жалықпай, жарқын жеңістерге жете берулеріңізге біз де тілекшіміз.
Өнер орданың 65 жылдық мерейтойы құтты болсын!
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА