Тіл – тәуелсіздігіміздің қуатты құралы, асыл ой мен парасат белгісі, елдігіміз бен бірлігіміздің туы. Тіл – тазалықтың, пәктіктің, имандылықтың жаршысы. Болашағымызды баянды етер қаруымыз – тіліміз!
Халқымыздың біртуар перзенті Мағжан Жұмабаев: «Ұлттың ұлт болуы үшін бірінші шарт – тілі болуы керек. Ұлттың тілінің кеми бастауы ұлттың құри бастағанын көрсетеді. Ұлтқа тілінен қымбат ешнәрсе болмауы тиіс. Бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, мінезі, айнадай көрініп тұрады. Қазақтың тілінде қазақтың сары сайран даласы, біресе желсіз түндей тұңық, біресе құйындай екпінді тарих, сары дала үдіре көшкен тұрмысы, асықпайтын, саспайтын сабырлы мінезі – бәрі көрініп тұр. Қазақтың сары даласы кең, тілі бай. Осы күнгі түрік тілдерінің ішінде қазақ тілінен бай, оралымды, терең тіл жоқ», – деп тіл жайында терең толғанған екен.
Тіл – халық тарихы, тіл – ұлттық қазына. Тіл – біздің намысымыз, арымыз, байлығымыз, барымыз. Қазақ тілі – қазақтың мәдениетімен біте қайнасып жатқан рухани қазына.
Қанымызға сіңісті, жанымызға жұғысты ой – санамызға нұрлы шуақ сыйлап, сілкіндіріп серпілтетін, марқайтып қанаттандыратын өзіміздің мемлекеттік тіліміз. Тіл қай елде болса да қастерлі, құдіретті. Ол достықтың кілті, ынтымақтастықтың бастауы, ырыс – берекенің алды, ұлттың әрі жаны, әрі ары. Тіл жай сөз емес, өмірдің талай сынынан өткен, өскелең талаптарға сәйкес өрістей түскен толқынды ақиқат десек, жаңыла қоймаспыз. Тілсіз қоғамның қандай түрі болса да өмір сүре алмайды, ол тілдің өзі қоғам бар жерде ғана пайда болып, өмір сүреді. Демек, қоғамнан тыс, бөлек тіл жоқ. Ана тілі – қоғамның жемісі. Тіл әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады. Тіл байлығы – әрбір елдің ұлттық мақтанышы. Ол – атадан балаға мирас болып қалатын, баға жетпес мұра. Баға жетпес мұрамызды дәріптеу, әр тіл жанашырының міндеті.
Қазақ тілі – қазақтың мәдениетімен біте қайнасып жатқан рухани қазына. Мұхтар Әуезовтің: «Ұлт болғың келсе, бесігіңді түзе», - деуі тегін айта салған сөз емес, сол себепті жаңа өсіп келе жатқан жас буынға әр кез, қай жерде болмасын өзінің ұлттық қазынасы ана тіліне деген құрметі жоғары болуы керек. Тіл – тазалықтың, пәктіктің, имандылықтың жаршысы.
Бүгінгі қазақ тілінің тағдыры мен болашағы, қадір – қасиеті, тіл жанашырларын да аз ойландырып, аз толғандырып жүрген жоқ. «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде», «Ана тілі – бәріміздің анамыз, өйткені ол – ұлтымыздың анасы» деген сөздер Қазақстан халқының басын біріктіруші ұйтқысы болуды меңзейді. Сондықтан әр адам ана тілін көзінің қарашығындай сақтауға, білуге тиіс.
Ж. Джумашева,
Саран қаласының полиция бөлімі