5 қараша күні «Достық үйі» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығында күзгі әскерге шақырылған жастарды шығарып салуға арналған «Ел қорғау – нағыз ерлер ісі» атты салтанатты шара өтті.
Отанды қорғау ер азамат үшін абыройлы іс. Әскер қатарына шақырылғандар да соны жақсы түсініп, салтанатты шараға сақадай сай дайындалған. Еңселері тік, рухы биік, Отанға деген патриоттық ыстық сезімдері жалындап тұр. Сол күні ата-аналары, туған-туысқандарымен қатар қала ардагерлері, 44803 әскери бөлімінің әскери қызметшілері, мектеп оқушылары, қала жастары, сарбаздар отряды әскерге шақырылған бозбалаларға ақ жол тіледі.
Мемлекеттік Әнұранмен басталған салтанатты шарада Саран қаласының Қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы Азиз Абилкасимов: «Мерзімді әскери қызметке шақыру сіздердің өмірлеріңіздегі маңызды оқиға. Әскери қызметші деген жоғары шенді абыроймен алып жүретіндеріңізге сенімдімін. Әскери қызметте сіздер жақсы мектептен өтесіздер, алған білімдеріңіз бен тәжірибелік дағдыларыңыз Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін нығайтуда өлшеусіз үлес қосады. Алдағы қызметтеріңізге жарқын болашақ ашады. Сіздерге және жақындарыңызға амандық пен зор денсаулық тілеймін», - деп болашақ жас сарбаздарға зор үміт артатынын жеткізді. Сондай-ақ, әскерге аттанғалы тұрған жастарға естелік сыйлықтар табысталды.
Биыл жаңадан әскер қатарын толықтыратын он адам Саран қаласында қалып, 44803 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтейтін болады. Олардың ішінде әскери қызметші болғысы келетін Әлімжан Нығыметжанов та бар.
- Әскерге өз еркіммен бара жатырмын. «Отанды қорғау – әр ер азаматтың міндеті» деп ойлаймын. Мен Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің Әскери институтына түсейін деп едім, өкінішке орай бір ұпай жетпей қалды. Сонықтан әскерге барып, біраз шынығып, тәжірибе жинап, бағымды тағы сынамақшымын. Болашақта әскери қызметке бет бұрғым келеді, - деді Әлімжан Нығыметжанов.
Әр ата-ана баласын уайымдайды. Әскерге аттанғалы тұрған Николай Тарасовтың анасы Наталья Тарасова да өз тарапынан ыстық-ықыласын білдіріп, жастарға Отан алдындағы борышын амандықпен, абыроймен өтеуін тіледі. Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмабике Токушева да сөз сөйлеп, ақ батасын берді.
Одан бөлек шарада №2 жалпы білім беретін мектептің жас сарбаздары уақытқа автоматты жинап, қайта шашу бойынша шеберліктерін көрсетті. Ал соңы әскери-патриоттық әндер шырқалып, концерттік бағдарламаға ұласты.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА