Бүгін: 23.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Білім – адамның дәрежесін арттырып, тұлға болып қалыптасуына, өмірде оңы мен солын танып, дұрыс өмір сүруіне әсер ететін үлкен құралдардың бірі. Білімнің маңыздылығы туралы айтпаса да түсінікті болар. Ол туралы қасиетті Құранда да, ұлы ойшылдардың еңбектерінде де жазылып кеткен.

Қазіргі уақытта кез келген жерде отырып, өзіңіз қалаған саладан білім алып, дамуға болады. Ол үшін тау асып, өзен кешудің қажеті жоқ. Заманның күннен-күнге дамығаны соншалық, үйден шықпай-ақ бірнеше мамандықты игеріп, жаңа саланың маманы бола аласыз.

Алайда, кейбір саланың білімін тереңдеп оқып, дүниетанымын кеңейту қажет болады. Атап айтар болсақ, діни білімді меңгеру барысында оны дұрыс оқу орындарына барып оқу, дұрыс адамдардан сабақ алу өте маңызды. Еліміз тәуелсіздік алған жылдары қайта аяққа тұру кезеңі басталғанда «діни оқу орындары» деген ұғым көп қолданылмайтын еді. Көбісі дінді ұстанатын мемлекеттерден барып білім алып, елге келіп қызмет ететін. Ал, қазір шет ел асудың қажеті шамалы. Себебі, елімізде көптеген діни оқу орындарының тұсауы кесіліп, бүгінде көптеген ғалым, ұстаздарды түлетіп жатыр.

Атап айтар болсақ, діни білімнің қара шаңырағы болған «Нұр-Мүбәрәк Египет ислам мәдениеті университеті», бұдан басқа «Хусумиддин ас-Сығанақи атындағы Ислам институты», сондай-ақ, еліміздің түрлі қаласында орналасқан 9 медресеміз бар. Аталған оқу орындарында Ислам дінін сауатты меңгеріп, елге қызмет етемін деуші талапкерлерге барлық жағдай жасалған. Ғалым, білікті ұстаздардан сабақ алып, жатын орны, тамағы, басқа да істермен айналысуға барлық  жағдай жасалған. Тек білім алып қана қоймай, түрлі жарыстарға қатысып, жан-жақты дамыған жас маман болып шығуға мүмкіндік бар. Олай болса, ілімді тек шет елден алу керек деген жансақ пікірден арылып, елімізде діни білімнің таралуына, дамуына үлес қосып жатқан оқу орындарының түлегі болуға щақырамыз! Алла білімімізді арттырып, дінге адал қызмет ететін жандардан болуымызды жазсын, әмин!

Н. Мұсабеков,

Саран қалалық

мешітінің имамы