Біздің қоғамда «ағаштарды сақтайтын – су» деген біржақты түсінік бар. Негізінде су ағашты ұстамайды, көбіне ағаш суды ұстайды. Ағаш өскен жерлерде жерасты сулары жоғары тартылып көтеріліп тұрады. Ормандар қырқылған жерлерде топырақ тозып, құрғақшылық басталады.
Елімізде жыл сайын: қыста қатты аяздан қалаларымызда құбырлар жарылып, ауылдар қар астында қалады, көктемде алапат су тасқыны болады, жазда қуаңшылық, құрғақшылық болады, күзде алқаптар мен ормандар өртенеді. Көктемдегі қар суын ұстап, сақтап қалуда және тасқындарды болдырмауда ағаштардың рөлі ерекше. Ағаштар көп өскен жерде қар бірден жоғалмай ақырындап еріп, сол жерге сіңіп, жағалауларда жиналып, ұзаққа сақталады.
Осыдан небары 30-40 жыл бұрын ауыл маңындағы өзендердің тереңдігінен тұрғындар атпен өте алмаған екен. Қазір ол жерлердің көбінде бір тамшы да су жоқ. Тәуелсіздік алған жылдары Қазақстанда көлемі 1 гектардан асатын 84 000 көл болса, қазір соның 14 000 ғана қалған. Ал ұзындығы 1 шақырымнан асатын 44 000 өзендер болса, қазір 4000 ғана қалған. Бұл өте қорқынышты жағдай. Егер су болмаса, Қазақстан аграрлы ел болады деген сөзді біржола ұмыту керек. Су жоқ жерде ауыл шаруашылығы жоқ деген сөз.