Бүгін: 28.01.2025
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Жобаның тікелей мақсаты бір гектар жерде ауылдық аумақтарда тозған жерлерді қайта қалпына келтіруге бағытталған «Бір ауыл. Бір гектар. Бір саябақ» қоғамдық-жекеменшік саябақтың типтік үлгісін жасау. Жоба аясында жекелеген азаматтар, жергілікті қауымдастықтар, қоғамдық ұйымдар, компаниялар, ауыл-аудан әкімдеріне осы модель насихатталады.

Әрине ол барлық жерде қызыл ағаштарды қайталау дегенді білдірмейді. Мүмкін біреу тек қана емен, қарағай, аққайың бағын немесе жәй қарапайым бақ жасауы мүмкін. Түпкі мақсат ағаш отырғызу арқылы топырақ тозуының алдын алу, гүл өсіру мәдениетін, экологиялық сана мен дағды қалыптастыру. Елдімекендерде маман тапшы, кей сұрақтардың жауабын білмегендіктен көпшілік бұл бағытқа бара бермейді. Сондықтан біз бір гектар жерді өлшем ретінде алып – әр жердің климатына байланысты қандай ағаштар егуге болатыны, сорттар мен түрлерін қайдан табу керек, күтіп-баптау тәсілдері, топырақ құнарын арттыру мен су үнемдеу технологияларын пайдалану реті, саябақтың сметасы, жұмсалатын уақыт пен еңбек шығындары туралы дайын технологиялық пакет жасалмақ. Жаңа технологияларды тәжірибеге енгізу арқылы тұрақты шаруашылық жүргізу әдістеріне оқыту, жеке саябақтардың ауылдық жерде кәсіпкерлікке жол ашып, жаңа баламалы табыс көзіне айналатынын, экологиялық және экономикалық тиімділік әкелетінін түсіндіру шараларын жүргізу көзделуде.

Қазақстанда адам қолымен жасалған туристік объектілер аз болған соң, көпшілік жабайы табиғатта демалады. «Дубай паркіне» барған сияқты адамдардың ағаш, гүлдермен мақтанып түскен фотосуреттерін көрмейміз. «Қызыл орман» агро-экотуризм саябағында түрлі мүсіндер, пергола, арка, конструкциялар мен инсталляциялар, композициялар, фотозоналар көптеп жасалады. Түрлі арт және әлеуметтік іс-шаралар, балалар шеберлік сыныптары, эко-сабақтар өткізілмек.

 

«Exclusive Fund» жеке қорының директоры, Айдос Аманкелдіұлы