Қазақ халқы ұлт болып қалыптасқаннан бері, қазақ тілі өмір сүріп келеді. Тілдің иесі – кешегі қазақ, бүгінгі қазақ және болашақтағы қазақ.
Тілдің ғұмыры уақыт тәрізді мәңгілік. Тіл – халықтың мәңгілік халық болып қалуының айғағы. Тіл – өткеннің ұрпаққа қалдырған аманаты, бүгінгі күннің абыройы, ертеңгі күннің кепілі.
Ата Заңда: «Мемлекеттік тіл - қазақ тілі», - деп анық та айқын жазылған. Ахмет Байтұрсынұлы: «Ұлттың жоғалуына себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл, сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады», - деген.
Туған тіліміз – халқымыздың кешегі жүріп өткен жолын, бүгінгі жалғасқан ғұмырының ертеңге апарар мүддесін бейнелейтін ең басты қазынамыз. Қазақ халқы «Отан» ұғымын бала бойына ерте сіңіруге тырысқан, оны туған жер, ана тілі, атамекенмен ұғымдарымен байланыстырған.
Отан отбасынан, ата – жұртынан, туып өскен топырақтан, ана тілінен басталған. «Тіл бесікте бекиді, үйде қалыптасады, бойға ұялайды, шаңырақта шындалады, мектепте дамиды, сөйлегенде жетіледі, жазғанда қалыптасады», - деп те бекер айтылмаған.
Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық салаларында қолданылатын тіл болғандықтан, жүргізілетін барлық іс – қағаздары мен құжаттар мемлекеттік тілде болуы тиіс. Өйткені өркениетке құлаш ұратын елдің өрісі қашанда білікті де білімді, саналы ұрпақпен кеңеймек.
Әлемдегі мүйізі қарағайдай елдердің санатына енуді көздеген халықтың басты мақсаты да, сауатты ұрпақты тәрбиелеу. Олай болса, «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін – білімі», - деп ұлы жазушы Мұхтар Әуезов айтқандай, елімізді өркениетке бастар жолдың бастауы – тілімізді жоғалтпайық. Тіл тағдыры – ел тағдыры екендігін де ешуақытта ұмытпауымыз керек. «Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата – бабамызды ұмыту», – деген екен атамыз Бауыржан Момышұлы, сондықтан да ананың ақ сүтімен бойымызға тараған ана тілімізді ақсатпай, мәртебесін көтере білейік!
Ата – бабаларымыз армандаған тәуелсіздікке қол жеткізіп, ай – жұлдызымыз оңынан туып тұрған шақта, осы рухани құндылықтарымыздың қайнар бұлағы – қазақ тілінің қадір – қасиетін өзгеден бұрын өзіміз жете түсінуіміз қажет. Қазақ тіліне деген құрмет пен ықыласты, ұлттық сана биігіне көтерген жөн. Бұл міндет – сіз бен біздің перзенттік парызымыз. Себебі, қазақ тілі – ата – бабамыздың келер ұрпаққа аманаттаған асылы, халқымыздың небір жауһар мұраларын қалыптастырған тіл, әдебиетіміз бен мәдениетімізді сақтап қалған тіл, болашаққа апаратын ең құнды жәдігеріміз.
Ж. Джумашева,
Саран қаласының полиция бөлімі