Бүгін: 07.04.2025
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Ақтас кентінің мәдени-сауық орталығында «Супер әже – 2024» байқауы өтті. Осымен екінші мәрте ұйымдастырылып отырған шарада ақ жаулықты әжелер даналығын, өскелең ұрпақты шабыттандыратын өмірлік тәжірибелерін паш етті.

Отбасылық құндылықты қалыптастыру мен нығайтуға бағытталған байқауға 60 жастан асқан, немерелері бар әжелер қатыса алды. Көпті көрген, жанұяның берекесі мен мерекесін, сәнін келтіріп, салт-дәстүрді берік ұстанып, жас буынға дәріптеп жүрген қатысушылардың шарадан алған әсері мол. Әрбірі үлкен жауапкершілікпен қарап, тыңғылықты дайындалғаны үстілеріне киген киімдерінен, дәмі тіл үйіретін әзірлеген тағамдарынан-ақ байқауға болады.

-              Биыл байқауға 5 адам қатысуға ниет етті. Алайда екеуі отбасылық жағдайына байланысты қатыса алмай, сөйтіп 3 әжеміз бақтарын сынап көрді. Олардың әрбірінің бойында өздеріне тән таланты бар. Балалары мен немерелері бар. Олардың әрқайсысының өз хоббиі бар, - деді Ақтас кентінің мәдени-сауық орталығының мәдени ұйымдастырушысы Альфия Святоха.

Қатысушылардың өнері төрт кезең бойынша сыналды. Таныстырудан бастап, сұрақ-жауаптан мүдірмей өтіп, аспаздық және шығармашылық шеберліктерін көрсетті. Қазы алқасының шешімімен әрбірі тиісінше номинацияларға ие болды.

-              Жолдасым екеуміз «Ақ шаңырақ» этномәдени қоғамдық бірлестігінің мүшесіміз. Байқау жайлы естіп, қатысып көруге бел будым. Өзіме ұнады, байқау өте жақсы өтті. Көрермендер де келді. Жағымды әсер сыйланды. Өзіміз бала тәрбиесіне аса мән береміз. Шүкір, 5 балам, 16 немерем бар,- деді байқауға бірінші рет қатысқан Дубовка кентінің тұрғыны  Айша Сыздыкова.

Ақтас кентінің мәдени-сауық орталығы мен Ақтас кентінің аналар кеңесі ұйымдастырған байқаудың нәтижесі бойынша Айша Сыздыкова «Супер әже – 2024» номинациясымен марапатталды. Ал «Супер хозяюшка» номинациясы Зульфия Юнусова және «Супер талант» номинациясы Екатерина Филатоваға  бұйырды. 

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА